"Қан құсқан": 4 жасар Хантөрені аяусыз ұрып өлтірген өгей әкесіне сот үкімі шықты

Алматыда жас жігіттен таяқ жеп, ауруханада көз жұмған 4 жасар Хантөренің ісі бойынша сот процесі аяқталды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Еске салсақ, сұмдық жайт былтыр күзде болған. Төрт жасар Хантөрені анасы азаматтық некедегі күйеуіне қалдырып жұмысқа кеткен. Сол уақытта жас жігіт бүлдіршінді соққыға жығып, балабақшаға апарып тастаған. Ауыр жарақат алған баланың жағдайы бөбекжайда күрт нашарлап, ауруханадан бір-ақ шыққан. Іш құрылысы зақымданған баланың соңғы демі төрт күннен кейін жансақтау бөлімінде үзілді. Ал Самал есімді әйел колледжде сабақ береді. Ол студентімен оқу орнында танысып көңіл жарастырған.

Кішкентай Хантөрені аяусыз өлтірген Дархан Дәулетов енді алдағы 20 жылын орташа режимдегі түрмеде өткізеді. Одан бөлек 10 миллион теңге моральдық шығын төлейді. Осындай үкімді судья Бақытхан Бәкірбаев шығарды.

Дәулетов өзінің азаматтық некедегі әйелінің 4 жасар ұлын аяусыз ұрып-соққан. Кем дегенде ішінен алты соққы және басынан соққы алған. Содан кейін түк болмағандай оны балабақшаға апарған. Бала бірнеше сағат бойы қатты ауырып, қиналған. Қан құсқан. Балабақша қызметкерлері баланың бетінен көгерген соққылардың ізін байқаса да, жедел жәрдем де, полиция қызметкерлерін де шақырмаған. Бұл немқұрайлылық. Тек бала қан құсып қиналған кезде оның ата-анасын шақыртқан. Сотталушы мен оның әйелі таксимен баланы түрлі жекеменшік емханаларға апарған.

Сотталушы Дархан Дәулетов наурызда 20 жасқа толды. Ол алдымен баланың сырғанақтан құлағанын айтқан. Кейін сөзін өзгертіп, Хантөре баспалдақтан құлап кеткенін айтты. Алайда оның өтірік айтқанын екі сот-медициналық сараптама дәлелдеді. Бала асқазанынан бірнеше қатты соққы алып, ішкі ағзаларының жарылуынан қайтыс болды.

Туған баласынан айырылса да, анасы осы қылмысты жасырып қалуға тырысқан, дейді заңгер. Қазір анасына қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Балабақша қызметкерлерін де жауапкершілікке тарту керек. Олар өзін өте кәсіби емес ұстады.
Мұның бәрі Хантөрені қайтармайды, бірақ қоғамымызға сабақ болуы керек.