Қанат Бозымбаев Azerbaijan Airlines авиакомпаниясының зардап шеккен жолаушыларына барды

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың айтуынша, апат орнында 22 жедел жәрдем бригадасы мен апаттық медицина орталығының 6 бригадасы жұмылдырылған. Облыстық көпсалалы ауруханада хирургиялық және травматологиялық бейіндегі бөлімде 30 орын және 10 реанимациялық орын дайындалды. 

Естеріңізге сала кетейік, көпсалалы облыстық ауруханаға 27 зардап шегуші жеткізілген. Оның 13-і Әзербайжан, 9-ы Ресей, 2-і Қырғызстан азаматтары. Үш азаматтың жеке басы анықталуда. Облыстық балалар ауруханасында екі кәмелетке толмаған бала бар. 

Барлық пациенттер диагностика және емдеу хаттамасына сәйкес толық ем алады.

Қанат Бозымбаев жауапты тұлғаларға сапалы емдеу мен тиісті күтімді қамтамасыз етуді тапсырды, сондай-ақ Ақтауға еліміздің жетекші ғылыми медициналық орталықтарынан жоғары білікті мамандар тобы келгенін хабарлады. Олардың құрамында реаниматологтар, травматологтар, хирургтар, комбустиологтар және басқа да мамандар бар.

Бұдан әрі Қанат Бозымбаев Әзербайжаннан келген үкіметтік делегациямен кездесті. Вице-премьер төтенше жағдайлар министрі Кямаледдин Гейдаровпен және цифрлық даму және көлік министрі Рашад Наби Оглу Набиевпен сөйлесті. 

Әзербайжаннан келген үкіметтік делегация өкілдері Қазақстан халқына көрсеткен көмегі үшін алғыс білдірді.