Қаңғыбас иттерді эвтаназиялауға рұқсат беретін заңға қандай өзгерістер енгізілді?

4 қыркүйектен бастап Қазақстанда жануарларды аулау, уақытша ұстау және өлтіру ережелеріне жаңа түзетулер күшіне енеді. Caravan.kz медиа порталы толық тарқатады. 

Елімізде жануарларды аулау, уақытша ұстау және өлтіру тәртібі нақтыланды. Экология министрлігі 2022 жылдан бері қолданыстағы Жануарларды аулау, уақытша ұстау және өлтірудің үлгілік қағидаларына өзгерістер енгізді.

Жаңа құжат жануарларға қатысты түбегейлі жаңа тәртіп орнатпайды. Негізгі өзгерістер биыл «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңда бекітілген нормаларды нақтылауға бағытталған. Оның ішінде қаңғыбас жануарларды аулау, агрессивті жануарларға шұғыл ден қою және эвтаназия жүргізу тәртібіне қатысты талаптар бар.

Қандай жануарларды аулауға болады?

Жаңа қағидалар қоғамдық орындарда жүрген иесіз және қаңғыбас жануарларды аулауға қатысты.

Оларға көшелер мен аулаларда, саябақтар мен скверлерде, қараусыз қалған ғимараттарда, елді мекендердің шетінде, саяжай алқаптарында және басқа да қоғамдық орындарда жүрген жануарлар жатады.

Құжатта «қаңғыбас жануар» ұғымы да нақтыланды. Енді иесі жоқ немесе үй жануарларын тіркеу базасында тіркелмеген иттер мен мысықтар қаңғыбас жануар ретінде қарастырылады.

Осылайша үй жануарын сәйкестендіру және оны тиісті дерекқорда тіркеу маңызды мәнге ие болады. Бұған дейін «Свидетель» жануарларды чиптеу мәселесіне қатысты жазған болатын.

Егер жануарды аулау кезінде оның иесі анықталса, бірақ үй жануары тіркелмеген және чиптелмеген болса, иесіне 86 500 теңгеден бастап айыппұл салынуы мүмкін.

Жануарды тіркеу базасында тіркеудің тағы бір маңызды себебі бар. Уақытша ұстау пунктіне немесе панажайға жеткізілген ит не мысық сәйкестендіру құралының бар-жоғына тексерілуі тиіс. Мамандар оның иесін анықтап, табылған жануар туралы тиісті ақпаратты хабарлауы қажет.

Жануар агрессивті болса не болады?

Халықты агрессивті жануарлардан қорғау үшін «шұғыл ден қою шаралары» ұғымы енгізілді. Бұл жануардың агрессивті мінез-құлқы адамдарға, басқа жануарларға, мүлікке немесе қоғамдық тәртіпке қауіп төндірген жағдайда қолданылатын шаралар жиынтығы.

Мұндай шараларды ұйымдастыру жергілікті атқарушы органдарға, яғни әкімдіктерге жүктеледі.

Дегенмен қауіпті немесе агрессивті жануарларға қатысты бұл талаптың өзі толықтай жаңа емес. Бұған дейін де адамға немесе басқа жануарларға шабуыл жасаған, сондай-ақ адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген жануарларды өлтіруге заңда негіз болған.

Жаңа өзгерістер осы тәртіпті нақтылап, эвтаназия жүргізуге болатын қосымша жағдайларды бекітті.

Қандай жағдайда эвтаназия жасауға болады?

Жаңа қағидаларға сәйкес, эвтаназияға мынадай жағдайларда жол беріледі:

- қаңғыбас жануарлардың санын реттеу кезінде;

- панажайларда немесе уақытша ұстау пункттерінде орналасқан иесіз жануар ауырған жағдайда;

- жануар негізсіз агрессия көрсетсе;

- оған тиісті жағдай жасалмаса;

- белгіленген мерзім өткеннен кейін оны иесі немесе басқа адам асырап алуға сұраныс білдірмесе.

Бұл ретте жануардың қанша уақыт панажайда немесе уақытша ұстау пунктінде болуы керектігін жергілікті мәслихаттар белгілейді.

Сондықтан жануарларды ұстау мерзімі мен одан кейінгі рәсімдер өңірге қарай өзгеше болуы мүмкін.

Мысықтардың жағдайы қандай?

Мысықтарға қатысты маңызды ерекшелік бар.

Олар эвтаназия жүргізуге енгізілген екі жаңа негізге кірмейді. Яғни мысықтарды қаңғыбас жануарлардың санын реттеу мақсатында немесе белгіленген мерзім өткеннен кейін жаңа иесі табылмағаны үшін осы негіздер бойынша өлтіруге болмайды.

Алайда бұл мысықтарды эвтаназиялауға мүлдем тыйым салынды дегенді білдірмейді.

«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңның 15-бабында жануарды эвтаназиялауға мүмкіндік беретін өзге де негіздер бар. Мысалы, жануардың жазылмайтын ауруға шалдыққан жағдайында, оның адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі кезінде немесе аса қауіпті ауруларды жою қажеттілігі туындағанда эвтаназия жүргізуге рұқсат етіледі.

Ал жаңа иесі табылмаған, бірақ 15-бапта көрсетілген жағдайлардың ешқайсысына жатпайтын мысықтардың кейінгі тағдыры әзірге нақты түсіндірілмеген.

Яғни мұндай жануарларды белгіленген мерзімнен кейін эвтаназиялауға бола ма, жоқ па деген сұрақ ашық қалып отыр. Бұл мәселеге қатысты әзірге ресми түсініктеме берілген жоқ.

Эвтаназия қалай жүргізілуі керек?

Заң бойынша жануарды өлтіруге рұқсат етілген жағдайда рәсім міндетті түрде гуманистік медикаментоздық әдіспен жүргізілуі тиіс.

Гуманистік әдіс дегеніміз – жануарға ауырсыну мен физикалық азап келтіруді болдырмайтын тәсіл.

Эвтаназияны тек ветеринар дәрігер жүргізе алады.

Бұл ретте заңда да, Жануарларды аулау, уақытша ұстау және өлтірудің үлгілік қағидаларында да қолданылуы тиіс препараттардың нақты тізімі көрсетілмеген. Құжаттарда Қазақстан заңнамасында қолдануға тыйым салынбаған дәрілік препараттарды пайдалану қажеттігі ғана белгіленген.

Сонымен қатар жануардың тұншығудан өлуіне әкелетін, сондай-ақ электр немесе термиялық әсер арқылы өлтіру әдістерін қолдануға тыйым салынған.

Уытты және химиялық заттарды пайдалану да заңға қайшы.

Осылайша жаңа қағидалар жануарларды аулау мен эвтаназиялаудың барлық тәртібін түбегейлі өзгертпейді. Негізгі міндеті – биыл заңнамада пайда болған нормаларды нақтылап, жануарларды аулау, уақытша ұстау және эвтаназиялау кезінде қандай рәсімдер қолданылатынын айқындау.