Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Ұлттық банк пен жеке басқарушы компаниялар 2026 жылдың қаңтарында зейнетақы активтері бойынша 0,59%-дан 1,15%-ға дейін табыстылық көрсетті.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры таратқан мәліметке сүйенсек, бір айдағы инфляция 1% деңгейінде қалыптасқан.
Halyk Global Markets компаниясы қазақстандықтардың 8,2 млрд теңге зейнетақы жинағын басқарады. Қаңтар айында компания 100,89 млн теңге табыс тауып, барлық қатысушылар арасында ең жоғары – 1,15% табыстылық көрсетті.
Одан кейінгі орында 15,7 млрд теңгені басқаратын Alatau City Invest тұр. Бір ай ішінде компания 175,05 млн теңге табыс алып, табыстылық деңгейі 1,11%-ды құрады.
Келесі орында "Сентрас Секьюритиз" орналасқан. Компанияның басқаруында 5,3 млрд теңге бар. Қаңтарда жеке басқарушы 47,2 млн теңге табыс тапты, табыстылық 1,04% болды.
Ал Ұлттық банктің басқаруында қазақстандықтардың 25,4 трлн теңге зейнетақы жинағы шоғырланған. 2026 жылдың қаңтарында инвестициялық табыс көлемі 223,18 млрд теңгені құрады, табыстылық – 0,87%.
Табыстылық бойынша соңғының алдында BCC Invest тұр. Компания 11,7 млрд теңгені басқарады. Жылдың алғашқы айында 90,95 млн теңге табыс алып, табыстылық деңгейі 0,8% болды.
Басқарудағы қаражат көлемі бойынша жеке басқарушылар арасында бірінші орында Halyk Finance – 53,8 млрд теңге. Алайда 2026 жылдың алғашқы айында компания клиенттеріне небәрі 283,4 млн теңге табыс әкелді, табыстылық 0,59%-ды құрады.
Осылайша, басқаруындағы актив көлемі ең көп болғанына қарамастан, Halyk Finance жеке басқарушылар арасында ең төмен табыстылық көрсетті. Ал Halyk Global Markets басқаруындағы қаражат көлемі ең аз болғанымен, табыстылық бойынша ең жоғары нәтижеге қол жеткізді.
Сондай-ақ Қазақстанда қаңтар айының қорытындысы бойынша айлық инфляция деңгейі 1% болғанын атап өткен жөн. Бұл зейнетақы активтерін басқаратын алты ұйымның тек үшеуі ғана клиенттеріне нақты табыс әкелгенін білдіреді. Олар – Halyk Global Markets, Alatau City Invest және "Сентрас Секьюритиз". Қалғандары, соның ішінде Ұлттық банк те, іс жүзінде теріс нақты табыстылық көрсетті.