Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Zakon.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, өтініш бергендердің 76,7 пайызы қазақ тілінде, 23,2 пайызы орыс тілінде, 142 адам ағылшын тілінде тест тапсыруға ниет білдірген.
Қаңтардағы ҰБТ-ның бірінші күні Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Астанадағы тестілеу орталықтарының біріне барды. ҰБТ өту барысымен танысып, болашақ студенттерге сәттілік тіледі.
"Өтініш беру кезінде талапкерлер тестілеу күнін, уақытын және өтетін орнын өздері таңдады.Тестілеудің бірінші күні республика бойынша 2277 адам ҰБТ тапсырады, оның ішінде елордада 155 талапкер. Бірнеше жыл қатарынан ең жиі таңдалатын арнайы пәндер комбинациясы "математика-физика" болып қалып отыр – 17,5%. Яғни, бұлар болашақ инженерлер, механиктер, мұғалімдер, техниктер, технологтар, энергетиктер мен құрылысшылар. Одан кейінгі орында "биология-химия" – 17,3% және "математика-информатика" – 10,3%, сәйкесінше болашақ дәрігерлер мен IT мамандары келеді", – деді министр Саясат Нұрбек.
ҰБТ бойынша пәндер саны өзгеріссіз қалды – үш міндетті және екі таңдау. ҰБТ бойынша тапсырма саны – 120. Оның ішінде "Қазақстан тарихы" бойынша 20 тапсырма, "оқу сауаттылығы" бойынша 10 тапсырма, "математикалық сауаттылық" бойынша 10 тапсырма және екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырма. Ең көп ұпай саны – 140.
Тестілеу уақыты: 4 сағат (240 минут). Ерекше білім алуды қажет ететін балалар үшін қосымша 40 минут беріледі.