Бұл туралы Премьер-Министр Олжас Бектеновтың басшылығымен өткен Үкіметтің экономикалық блогының отырысында хабарланды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Бұл көп пе, аз ба? Бұл сұраққа қаржы сарапшысы Айбар Олжаев жауап берді.
Жалпы Қазақстан экономикасының соңғы 20 жылдағы өсу мен құлау траекториясын қарасақ, оның мұнай бағасының әлемдік нарықтағы мінезін қайталағанын көруге болады. Мұнай қатты өскен жылдары экономика жылдам қарыштаған, құлдырау жылдары бәсеңдеп отырған. Бірақ бұл жолы мүлде басқаша тренд жасадық деуге келер: жыл басынан бері мұнай бағасы жайлап арзандап жатса да, біздің экономика мұнайға қатысы жоқ секторлар есебінен 5 пайыздан артық өсуде. Менің ойымша, біз өсудің баяғыдай шикізаттық кезеңінен өтіп, жаңа және анағұрлым сапалы фазаға ауысқан сияқтымыз.
Демек "қара алтын корреляциясы" дәуірі артта қалды. Егер мен дұрыс айтып отырсам, онда болашағымыз жарқын бола түспек.
Өнеркәсіпте өндіріс 5,7%-ға артқан. Бірақ негізгі локомотив - өңдеу саласы. Оның өсімі 8,9%. Бізде машина жасау (18,2%), азық-түлік өндірісі (13,1%), құрылыс материалдары өндірісі (21,6%) және металл бұйымдары өндірісі (20,1%), сондай-ақ химия өнеркәсібі (9%) жоғары көрсеткіштер көрсетті.
Сауда саласындағы өсім 6%-ға, ал көлік және қоймалау қызметі 21,3%-ға артқан. Жалпы, астық, тұқым және мал азығы (өсім 5,8 есе), фармацевтикалық өнімдер (44,6%-ға), автокөліктер мен жеңіл көліктер (38,8%-ға) өткізетін көтерме сауда кәсіпорындары айтарлықтай жоғары үлес қосты. Астық тасымалы 43%-ға артып, 2,4 млн тоннаға жетті, ал ұн өнімдерін тасымалдау 12%-ға өсті.
Бірақ, енді осы өсім қарқынын жыл аяғына дейін кем дегенде ұстап тұруға тырысу керек. Ал ол оңай емес. 2024-2025 жылдары біз үлкен инвестициялық циклдың аяқталу кезеңінде тап келіп қалдық. Кезінде бізге келген инвесторлар барлық инвестицияларын ақтап, оны қайтадан өздеріне шетелге табыс ретінде шығарып алды да, енді инвестиция құймай, жасалған бар нәрседен пайда көріп отыр. Ал жаңа инвесторлар партиясы баяғыдай көп емес.
Тікелей инвестициялар көлемі мен негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі әжептәуір қысқаруда. Қарқынды амортизацияны ескеріп, осы инвестиция дефицитінің жақын уақытта экономикалық өсімге жағымсыз әсер беру қаупін міндетті түрде айту керек.
Сондықтан бәрімізге инвестиция мәселесін бүгіннен көтеріп, жан-жаққа жеткізе беру қажет. Отандық экономиканың бензині - инвестиция. Қазір трассада зымырап келе жатқан экономикамыз ертең бензині бітіп тоқтап қалуы мүмкін.