Облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасынан алынған мәліметке қарағанда, облыс намысын қорғаған Оралдағы жекпе-жек спорты БЖСМ-ның тәрбиеленушілері Әлихан Ақжолов (33 келі) жасөспірімдер, Азамат Мықиев (55), Максим Кисель (63) жастар, Армат Қуанов (55), Тасым Сағат (78) ересектер арасында алтыннан алқа тақса, жастардан Райымбек Тынышқалиев (60) күміс медальді олжалады.
Осының алдында қазан айының ортасында Мәскеу қаласында өткен шығыс спорты түрлерінен халықаралық турнирде Асылбек Өтегенов (52) әзірбайжан қарсыласын, Азамат Мықиев (55) румын қарсыласын ұтып, екеуі де қола жүлдені қанағат тұтқан болатын.
Қазір аталған шотаканшылар алдағы қаңтар айының ортасында Шымкент қаласында өтетін ҚР кубогін және ел біріншілігін ұтқандар арасындағы жыл аяғындағы қорытынды жарысқа қызу дайындық үстінде. Оларды облыстың аға жаттықтырушысы, каратэ-до шотаканнан әлем чемпионы Ринат Мерғалиев баптап келеді.