2004-жылдың 7- қазанында қол қойылған бұйрықты өткен аптада Алматының Бостандық аудандық соты "Кар-Тел" ЖШС өкіліне табыс етті. Құжатта атап көрсетілгеніндей, "компания Түркия қазынашылық мекемесіне 5,5 млрд. доллар берешек". Қарыз 2004-жылдың 6-мамырында төленуі тиіс болған. Бұйрықта берешектің сипаты мен негіздемесі туралы ештеңе айтылмаған.
17-қаңтарда "Кар-Тел" басшылығы Түркияның консулдық қызметі арқылы аталмыш бұйрықтың заңсыздығы туралы Түрік сотына өтініш жолдады. Тағы да осындай өтініш Түркия әділет министрлігіне жолдау үшін ҚР әділет министрлігіне табыс етілді.
"Кар-Тел" ЖШС-нің бас директоры Константин Марковтың айтуынша, "компания басшылығы бұйрықтың негіздемесі мен сипатын түсіне алмай отыр". ""Кар-Тел" компаниясының Түркия үкіметі алдында ешбір берешегі жоқ",- деп санайды басшылық. "Бұйрықтың ешбір негізі жоқ. Сондықтан біз өз құқығымызды қорғау үшін барымызды салатын боламыз",- делінген хабарламада.
Бұған дейін Түркияның екі компаниясы кәсіпорын үлесінің 60 процентін иемденетін. 2003-жылдың қараша айында Қазақстандық соттардың, соның ішінде ҚР Жоғарғы сотының шешімі бойынша Түрік компанияларының үлесі мәжбүрлі сатып алынған.
"Кар-Тел" ЖШС GSM стандартымен жұмыс істейтін ұялы байланыс операторы әрі K-Mobile және Excess сауда маркаларының қожайыны болып табылады. 2004-жылдың қыркүйек айында компанияны "ВымпелКом" ААҚ сатып алған.