Қарулы күштер қатарында әлімжеттік пен ақша жинау фактілері тыйылмай тұр

Қарулы күштер офицерлерінің жұмысы бітпейтін бюрократия. Осындай мәлімдемені прокуратура өкілдері жасады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары Мақсат Қазиев Қазақстан жауынгерлерінің кейінгі жылдардағы өлім-жітімі туралы статистиканы жариялады.

2020 жылдан бастап 270 әскери қызметші қайтыс болған. Оның ішінде 2020 жылы – 78, 2021 жылы – 96, 2022 жылы – 85, 2023 жылы 11 әскери адам көз жұмған.

"Өлім жағдайларының ең көп тараған себебінің бірі ауырып қайтыс болу – 36%, жол-көлік оқиғалары салдарынан көз жұматындар – 24% және өз-өзіне қол жұмсау бойынша 20% құрап отыр. Соның ішінде суицид жағдайы бүгінгі күні бәрімізді алаңдатады", – дейді әскери прокурордың орынбасарары.

Оның айтуынша, халық арасында суицид деңгейі бойынша еліміз әлем елдері арасында 20-орында тұр. Ал жасөспірімдер бойынша үштікке кіреді.

"Өкінішке қарай, әскери қызметшілердің қаза табуы мен суицид жағдайлары құқыққа қарсы іс-әрекет салдарынан болғаны жасырын емес. Соңғы үш жылда әскерде болған өлім жағдайының 9 фактісі қылмыстық әрекет есебінен болды. Мәселен, сарбаз Әлібек Қалыбайдың өліміне қатысты резонанстық іс бойынша әріптесі Аманжоловтың кінәсі анықталды. Өткен аптада сот процесі өз мәресіне жетті. Нәтижесінде күдікті сотталды", – дейді Мақсат Қазиев.