"Кәсіби әртіс болып отырғым келмейді": Алмат Сақатов неге депутат болғысы келмейтінін түсіндірді

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Ол Instagram желісіндегі парақшасында жариялаған видеода көпшіліктің "Неге депутат болмайсыз" деген сауалына жауап беріп, халық қалаулысының қандай болу керек екенін ашық айтты.

"Маған "Сіз неге депутат болмайсыз, әртістер болып жатыр ғой" деп жазып жатыр. Мен неге болуым керек?! Депутат деген дана, ақылды, Ата заңын жатқа білетін, халықтың әл-ауқатына не керек, не керек емес екенін білетін, елге жаны ашитын, отанына деген патриотизм жүрегінде жанып тұратын адам болу керек. Менде соның бір қасиеті болса, басқа қасиеті жоқ. Өйткені, расында да мен заңды жақсы білмеймін. Елдің әл-ауқатын білгенмен, оны қалай түзеуді білмеймін. Әрине, үйре де жирен дейді. Құдайберген ағамыз депутат болған кезде "Отырған депутаттардың бәрі әртіс, ішіндегі кәсіби әртіс мен ғана" деген еді. Ортасына барып, мен де кәсіби әртіс болып отырғым келмейді. Депутатттыққа сайланамын деген азаматтарға елді ойлайтын, елдің жағдайын жасайтын, сол үшін күресетін, бәрін қойып, жүрегіңді жұлып, елдің ортасына тастайтын уақыт келді", - дейді ол.

Еске сала кетейік, Тарихтағы алғашқы Құрылтай депутаттарының сайлауы 23 тамызда өтеді. Жаңа Конституцияның күшіне енуіне байланысты елде бір палаталы жаңа парламент құрылады. Құрылтай құрамына 145 депутат енеді.

Бұған дейін танымал заңгер Мейірман Шекеевтің Қазақстан халық партиясы атынан Құрылтай депутаттығына үміткер болып тіркелген Аша Матайды дебатқа шақырғаны туралы жазған едік.