Мына кісілер осыдан бірер ай бұрын бірін-бірі танымаған, қазір олардан жақын адам жоқ. Себебі бастарындағы қайғысы да бір, іздегендеріде бір адам.Ол - психолог Алексей Пан.Кәсіби маманның арбауына түскен олар бірнеше банктен несие алып, миллиондаған ақшаны психологтың қолына ұстатыпты. Бейтаныс біреуге неліктен соншалықты сенгендерін сан соққан ақтөбеліктердің өздері де түсінбейді. Құдды бір гипноздың жетегінде жүргендей болдық дейді.
Нұрсұлу Дәрібаева, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Бізге танысқанда Руслан болып танысты. Бұл -психолог екен. Біздер білмей қалдық қалай алданып, банктен соншама миллион ақшаны алып, ол кісінің қолына ұстатқанымызды білмей қалдық. Танысымыз емес, туысымыз емес ешкіміміз емес.
Алаяқтың өңірдегі барлық банктың бөлімшесінде сыбайластары бар көрінеді. Өйткені, айналдырған үш күннің ішінде әр адамға кем дегенде бес банктен несие алып берген.
Болатбек Мүсіркепов, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Бір жетіде он күнде 11 банктен алу мүмкін емес былай қарағанда. Сол жігіттің тауып бергені. Өзімізде білмей қалдық оны. Енді қаншама ақша мойнымызда жүр. Қаншама халық жүр артымызда.
Қазір алаяқтық жасағаны үшін Алексей Панға қатысты қылмыстық іс қозғалып, іздеу жарияланған. Бірақ тәртіп сақшыларының табаннан таусылып таба алмай жүрген психологтары қаланың қақ ортасындағы мейрамханалардың бірінде тайраңдап жүріпті. Оны қала тұрғындары көрген. Қашқын тіпті қарызды қайтармақ түгілі, жүздеген адамның алданып қалғанын өзі-ақ айтқан.
- Мені тауып алу қиындау болады, оны өзеріңіздіңде іштеріңіз сезетін сияқты. Өйткені ешқандай кепілдік бергем жоқ. Тек сенімге кірдім. Сіз сияқты әлі елу-алпыс адам жүр айқайлап.
Ішкі істер бөлімдеріне алаяқтың арбауына түскен 37 ақтөбелік арызданыпты. Бұл сан күнен-күнге көбейіп келеді дейді тәртіп сақшылары. Психолог Алексей Паннан өзге, жұбайы Жәния Болатқызы мен сыбайласы Александр Огайға да іздеу жарияланған. Қолға түссе тиісті жазасын алады деп сендірді шенділер. Бірақ олар ұсталғанша тағы қанша адамның сан соғып қалары беймәлім.