Бұл туралы бүгін Астана прокуратурасында кәсіпкерлер құқықтарын қорғауға арналған конференцияда Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасының директоры Мейірбек Мәжитов мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, прокуратура мен кәсіпкерлер палатасы бизнесмендердің шағымы бойынша 89 бірлескен тексеріс жүргізді. Оның қорытындысы бойынша, 10 қадағалау актісі қабылданып, 19 шенеунік заңсыз әрекеттері үшін түрлі жазаға тартылды. Олардың негізгі бөлігі сәулет және қала құрылысы басқармасының қызметкерлері болып шықты.
«Астана қаласының прокуратурасымен бірлескен жұмыс барысында 36 шағым қаралды. Олардың 19-ы оң шешімін тапты. Олар бойынша сыртқы жарнаманы орналастыру жөніндегі шешім саласында прокурорлық қадағалау актілері қабылданды. Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алу және сәулет пен қала құрылысы бағытында мемлекеттік атқарушы органдар тарапынан заңсыз әрекеттер анықталды», - деді ол.
Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бағытында жалпы 300 шағым қаралған. Олардың 230-ы кәсіпкерлікті қорғау бойынша, оның ішінде 100 бойынша - оң шешімін тапты.
«Жалпы біздің жұмысымыздың арқасында бизнес-қауымдастықтың 500 млн. теңгесі қорғалды», - деп атап өтті М.Мәжитов.