Осы тұрғыда, дұрыс тамақтану нарығындағы кәсіпкерлердің жай-күйі қалай? Жалпы, елімізде шағын және орта бизнесті қолдау жағы қалай жүзеге асырылып жатыр? Осы және өзге сұрақтарды Caravan.kz тілшісі республикалық ауқымдағы гастрономиялық дүкендері желісінің иесі, елордалық кәсіпкер, нутрициолог Гүлнұр Батыршиноваға қойған едік.
- Алдымен оқырмандарымызға өзіңізді таныстырып өтсеңіз? Қай жақтан боласыз? Мамандығыңыз қандай?
Аты-жөнім Гүлнұр Батыршинова. Қарағанды облысы, Сәтпаев қаласындағы С. Сейфуллин атындағы мектеп-гимназиясын бітіргенмін. Негізі бизнес ашу деген мүлдем ойымда болмаған. Менің қызымда 13 жыл бұрын аллергия болды. Біз сол уақытта балаға барынша аллергия бермейтін, мәселен жасыл құмық, қантқа балама сияқты өнімдерді көп іздедік. Бірақ он үш жыл бұрын сол өнімдердің ешқайсысын таппадық, нақтырақ айтқанда ол кезде мұндай өнімдер болмады. Сөйтіп біз тауарлардың барлығын Ресейден әкеле бастадық. Осылайша, мен ашытқысыз нан илеу, тұтас бидай ұнын үй жағдайында қалай жасау, пайдалы ботқа, қолдан, пайдалы шоколад әзірлеу және т.б. рецепттермен бөлісе бастадым. Сосын көптеген адам осы өнімдерге қызыға бастады. Мен осы олқылықтың орнын толтырып, пайдалы өнімдерді бір жерден алу үшін, осы дүкенімді аштым. Қазір дүкендегі барлық өнім сол кезде өзім еш жерде таппаған, менің сол кезде дүкен сөрелерінен көргім келген өнімдер.
- Қазір халықтың дені пайдалы ас тұтынуға біртіндеп көшуде. Осы орайда, дүкеніңіздің клиенттері көп пе? Дұрыс тамақтану тауарларына деген сұраныс қандай?
Астанадағы желіміз бойынша отыз мыңнан астам клиенттеріміз бар. Сол себепті, халыққа дұрыс тамақтану бағытында аз да болса өз септігімізді тигізіп жатырмыз деп ойлаймын. Негізі дұрыс тамақтану тақырыбы өте ауқымды тақырып. Себебі, балалардың болашақта алғыр, ақылды болуы ең алдымен дұрыс тамақтануға байланысты. Адам немен тамақтанса, оның ас қорыту жүйесі де солай жұмыс істейтін болады. Сондықтан өзім ана ретінде, жас аналарға айтарым, балалардың дұрыс тамақтануына барынша көңіл бөлсеңіздер. Сонда ғана біз, зейінді, болашағы жарқын ұрпақты тәрбиелей аламыз.
- Осы кәсібіңізді ашу барысында қандай қиындықтармен бетпе бет келдіңіз? Жалпы мемлекеттің шағын және орта бизнесті қолдау жағы қалай?
Кез келген кәсіпті бастар алдында, әрине түрлі қиындықтар болады. Өзім кәсіпкер ретінде дүкендерге арналған ғимарат табу жағынан қиналамын. Жалға алатын жерлер біз қалайтын ауданда болмай жатады немесе жалға алу бағасы тым қымбатқа шығып жатады. Сосын, қазір жақсы маман, қызметкерлерді табу да қиын, оларды оқыту тіптен көп еңбекті қажет етеді. Яғни, көп адам жаңаны үйренуге немесе қосымша білім алуға қызығушылық таныта бермейді. Салық мөлшерлемелері де көп, ол да кәсіпкерді қинайды.
- Бұл мәселелердің шешімін табу үшін, қандай шараларды қолға алған жөн деп ойлайсыз?
Шағын және орта бизнесті, жалпы кәсіпкерлікті дамыту үшін, оқыту бағдарламалары көп болуы тиіс деп ойлаймын. Себебі, халықтың көбі кәсіпті қалай жүргізу керек немесе оны ары қарай дамыту жағын жеткілікті деңгейде біле бермейді. Соның салдарынан кәсібі жүрмей, орта жолдан оны жабуға тура келіп жатады. Сондықтан осы оқыту тұрғысынан қолдау болса деген тілегіміз бар. Жалпы, кез келген кәсіпті адам бастар алдында, қандай тәуекелге бел буатынын біледі деп ойлаймын. Сол себепті шағымданып, шер тарқатып отыратын уақыт жоқ. Екі қолға бір күрек деп, кез келген кәсіпті дөңгелетіп, адал еңбекпен зор жетістіктерге жетуге болатынына сенемін.
Әңгімеңізге рахмет!