Бұл туралы бүгін Алматы облысына жасаған жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-Министрінің адами даму мәселелері жөніндегі орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова мәлімдеді.
«Дүниежүзілік банктің таяуда жасаған зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, әлемде таяуда жұмыс орындарының ғаламдық дағдарысы басталады. Қазірдің өзінде «Үлкен жиырмалық» елдерінде халық санының артуына байланысты жұмыссыз адамдардың саны 100 млн. асты. Сондықтан, экономиканы одан әрі дамыту үшін, жұмыспен қамту мәселесі алдыңғы қатарға шығуы тиіс» - деді Г. Әбдіқалықова.
Ол сонымен қатар, жоғары сынып оқушылары арасында ауқымды кәсіптік бейімделу жұмыстарын жүргізу керектігін жеткізді.
«ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша «Білім туралы» заңға мемлекет тарапынан тегін техникалық және кәсіби білім, оған қоса жұмысшы квалификациясы кепілдендірілетіндігі туралы өзгерістер енгізілді. Енді басымдықты мамандықтар бойынша мамандар оқытуға берілетін гранттар біртіндеп өңірлерге көбірек беріле бастайды» - Г. Әбдіқалықова.
Сондай-ақ Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс сапары барысында өңір басшылығымен және жергілікті тұрғындармен кездесті. Кездесу барысында денсаулық сақтау, білім және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері талқыланды. Өңір басшылығы алдына мемлекеттік және өңірлік бағдарламаларды жүзеге асырудың тиімділігін арттыру бойынша жаңа міндеттер қойылды.