Бұл туралы Батыс Қазақстан облысының әкімдігі хабарлады, - деп жазады Caravan.kz медиа порталы
Бүгін, 25 қыркүйек сағат 08:45-те Орал әуежайына Жеңіс Темірғалиев, Өмірбек Өмірзақ және Ақжайық Гилаждың денелері тиелген арнайы рейс қонды. Қаза тапқан әскери қызметкерлермен қоштасу рәсімі мен жерлеу рәсімі ертең, 26 қыркүйекте өтеді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қаза тапқандардың отбасыларына жергілікті атқарушы органдар тарапынан материалдық көмек көрсетіледі. Сонымен қатар кәсіпкерлер тарапынан да қолдау көрсетіледі. Жерлеу рәсімін ұйымдастыру бойынша барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр», – делінген әкімдік хабарламасында.
Ведомствоның мәліметінше, жағдай БҚО әкімінің жеке бақылауында.
Еске салайық, 24 қыркүйекте Каспий теңізінде оқу-жаттығу кезінде ауа райының нашарлап, желдің күшеюіне байланысты теңізге 17 әскери қызметші ағып кеткен. Олардың 14-і қаза тауып, үшеуі құтқарылды.
25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.
Оқиғаға байланысты екі қылмыстық іс қозғалды. Олар Қылмыстық кодекстің 453-бабы 2-бөлігі («Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау») және 465-бабы («Кеме жүргізу қағидаларын бұзу») бойынша тергеліп жатыр.