Каспийдегі трагедия: аман қалған тағы бір сарбаз әскери қызметін аяқтап, үйіне оралды

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Massaget.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Ол Ақтаудағы №29011 әскери бөлімде қызмет еткен. Қайғылы оқиғадан кейін де бөлімде қалып, әскери борышын толық өтеген. Бұған дейін сарбаздың анасы төтенше жағдайдан кейін ұлының ауруханаға жатқызылмағанын, жағаға өз күшімен шыққанын айтқан. Анасының сөзінше, әскерилердің қазасына куә болған сарбаздар бұл оқиғаны ұзақ уақыт ұмыта алмайды.

Бекет Қуандық ерлігі мен жанқиярлығы үшін "Ерлігі үшін" медалімен марапатталған.

Әскери қызметін аяқтаған Бекет Атырауға ұшып келді. "Ақ Жайық" мәліметінше, әуежайдан оны ата-анасы, туған-туыстары мен достары күтіп алды.

Бірнеше ай бойы алаңдап күткен отбасы үшін бұл кездесу ерекше әсерлі болды.

Бұған дейін Каспийдегі қайғылы оқиға кезінде аман қалған үш әскери қызметшінің тағы бірі – Ақжол Темірханның да мерзімді әскери қызметін аяқтағаны белгілі болған.