Атырау облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінің жетекшісі, полиция подполковнигі Гүлнәзира Мұхтарованың айтуынша, "10 шілдеде Исатай ауданының Забурунье ауылының үш тұрғыны "Амур" моторлы қайығымен Каспий теңізіне балық аулауға шыққан, оларды содан кейін ешкім көрмеген".
Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті төрағасының орынбасары Олег Лидің айтуынша, Каспий теңізінде жоғалып кеткендер туралы ақпарат төтенше жағдайлар қызметіне 14 шілдеде жеткен. "15 шілдеде жоғалған балықшыларды іздеуге тікұшақ шығарылғанымен, Каспий теңізінің жағалау бөлігін бойлай төрт сағат ұшу нәтижесін берген жоқ. Ұшуларды 16 шілдеде де жалғастыру мәселесі шешіліп жатыр", - деді ол.
"Балықшылар жоғалардың алдында, яғни, 9 шілдеде төтенше жағдайлар қызметі Атырау облысының аудандары мен тіршілік қамтамасыздығы кәсіпорындарына желдің күшейетіндігі туралы ескерту жариялаған", - деді О. Ли.