Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенция жобасын жасаушы арнаулы жұмыс тобының кезекті 14-мәжілісін алдағы мамыр-маусым айларында Қазақстанда өткізу жоспарланды

Жалпы алғанда, отырысқа қатысушылар Баку кездесуінің қорытындыларына оң баға бере отырып, аталмыш бас қосу Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы мәселе бойынша ортақ келісімге келуге өзіндік оң үлесін қосқанын атап өтті.

Әзербайжан сыртқы істер министрінің орынбасары Халаф Халафовтың хабарлауынша, тараптар Конвенцияның бірқатар қағидалары төңірегінде келісімге келді. Атап айтсақ, өзара ынтымақтастық бағыттары, тараптар арасындағы қайшылықтарды реттеу тетіктері, сауда-саттық мақсатындағы кеме шаруашылығына қатысты жекелеген мәселелер бойынша мәжіліске қатысушылар ортақ мәмілеге келді.
Дегенмен, Х.Халафовтың айтуынша, бірқатар концепциялық мәселелер төңірегіндегі көзқарас қайшылықтары сақталып отыр. Бұл мәселелер топтың алдағы отырыстарында талқыланады.
Ал РФ сыртқы істер министрінің орынбасары В.Калюжныйдың хабарлауынша, Ресей жағы Каспий маңындағы мемлекеттердің сыртқы істер министрлерінің кездесуін 6-сәуірде Мәскеуде өткізу туралы ұсыныс жасаған. В.Калюжныйдың айтуынша, мәжіліске қатысушылар бұл ұсынысты мақұлдады.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенция жобасын жасаушы арнаулы жұмыс тобының Бакуде өткен кезекті 13- отырысына Әзербайжан сыртқы істер министрінің орынбасары Халаф Халафов, Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Виктор Калюжный, Иран сыртқы істер министрінің орынбасары Мехти Сафари, ҚР СІМ-нің бірінші орныбасары Қайрат Әбусейітов, ҚР СІМ-нің төтенше тапсырмалар жөніндегі елшісі, Каспий теңізінің құқықтық мәртебесіне қатысты келіссөздерге Қазақстан атынан Равиль Чердабаев, Түрікменстан президентінің жанындағы Каспий теңізі мәселелері жөніндегі мемлекеттік кәсіпорын төрағасы Хошкелді Бабаевтар қатысты.