Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі жөніндегі конвенция жобасын жасаушы арнаулы жұмыс тобының кезекті 15-отырысы Мәскеуде өтеді

Мәжіліс барысында Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі жөніндегі конвенция жобасын талқылау одан әрі жалғасады деп күтілуде. Конвенция жобасын жасаушы арнаулы жұмыс тобының іс-қызметі 2004-жылдың сәуір айында Мәскеуде өткен Каспий жағалауындағы елдердің сыртқы істер министрлерінің бас қосуында жоғары бағаға ие болды. Министрлер Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі жөніндегі конвенция жобасын келісу бағытында біршама ілгерілеушіліктерге қол жеткізілгенін атап өтті.

Министрлердің сол жолғы тапсырмаларын басшылыққа алған арнаулы жұмыс тобы Каспий теңізінің мәртебесіне қатысты шешімін таппаған мәселелерді әр жаққа да тиімді түрде реттеуге бағытталған іс-шараларды одан әрі жалғастырады.
Арнаулы жұмыс тобының кезекті бас қосуы екі күнге созылады. Жұмыс тобының құрамына Каспийді қоршай орналасқан бес мемлекет - Әзербайжан, Иран, Қазақстан, Ресей және Түрікменстан өкілдері енеді.