Шағын құрамдағы келіссөзге дейін «Оғызхан» сарайында Қазақстан Президентін қарсы алу рәсімі өтті. Мемлекеттер басшылары бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас екі ел арасындағы санқырлы ынтымақтастықты нығайтуда мұндай жоғары деңгейдегі тұрақты кездесулердің маңызы зор екенін атап өтті.
"Түрікменстан – біз үшін туысқан ел әрі стратегиялық серіктес. Қазақстан – сіздің еліңізбен энергетика, көлік, логистика және мәдени-гуманитарлық салалардағы ықпалдастыққа қатысты барлық мәселе бойынша сенімді одақтас. Мұның алдағы уақытта да осы бағытта жалғаса беретінін атап өткім келеді. Әлбетте, біз Түрікменстанның халықаралық аренадағы бейтарап статусына құрметпен қараймыз. Сіздің еліңіз өңірлік және халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне өте елеулі үлес қосып келеді. Бұл ретте біз, ең алдымен, БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдар аясында тығыз қарым-қатынас жасауға дайынбыз", – деді Президент.
Өз кезегінде Сердар Бердімұхамедов Түрікменстанның бауырлас Қазақстанмен стратегиялық серіктестікті жан-жақты өркендетуге бейіл екенін растады.