Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы zakon.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
2026 жылғы 28 қыркүйекте жарияланған мақаланың толық аудармасын Zakon.kz назарларыңызға ұсынады.
Біз германиялық серіктестерге тек шикізат жеткізуге кепілдік беріп қана қоймай, геологиялық барлау мен кен өндіруден бастап, оны өңдеу, компоненттер шығару және материалдарды қайта қадеге жарату кезеңдерін түгел қамтитын толық өндіріс тізбегін қалыптастыруды ұсынамыз.
Байланыстарымыздың тағы бір маңызды бағыты – энергетика. Қазақстан Еуропаға тұрақты түрде энергия ресурстарын жеткізуші ел ретінде сенімге ие болды. Еуропа Одағына импортталатын мұнайдың шамамен 13 пайызын, табиғи уранның 20 пайызын Қазақстан қамтамасыз етеді. 2025 жылы Германияға жеткізілген мұнай көлемі 10 миллион тоннадан асты.
Біз көлік тасымалы мүмкіндіктерін ескере отырып, бұл міндетті одан әрі жауапкершілікпен атқаруға әзірміз.
Жаңартылатын қуат көздері, электр желілерін жаңғырту және энергия тиімділігін арттыру бағыттарындағы серіктестік келешегінен көп үміт күтеміз. Экономикалық байланысты нығайта түсу үшін Шығыс пен Батысты жалғайтын сенімді көлік дәлізі қажет.
Қытайдан Еуропаға құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 85 пайызға жуығы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Былтыр шамамен 40 миллион тонна жүк жеткізілді.
Транскаспий халықаралық көлік бағдары Азия мен Еуропа арасындағы көлік қатынастары мүмкіндіктерін кеңейтіп жатыр. Биылғы сегіз айдың нәтижесінде аталған дәлізбен тасымалданған жүк көлемі 22 пайызға, ал Шығыс – Батыс бағытындағы транзит 55 пайызға өсті.
Жаңа көлік жобалары бірқатар өңірді Каспий теңізіндегі айлақтармен тікелей байланыстырып, Қытай – Еуропа бағытын 1000 шақырымға қысқартады. Осылайша біз жолды қысқартатын бағыттарды қалыптастырып, Германия бизнесі үшін жаңа мүмкіндіктер ашып отырмыз.
Тағы бір әлеуетті бағыт – неміс компанияларын еліміздің аумағы арқылы әуе жүк тасымалын жүзеге асыруға белсенді тарту және Қазақстандағы әуе хабтарын дамыту.
Қазақстан мен Германия мүмкіндіктерінің тоғысы
Қазіргі заманда тауар қозғалысы деректер қозғалысымен тығыз байланысты. Сондықтан цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын енгізу қазақ-герман ынтымақтастығының тағы бір перспективті бағытына айналуға тиіс.
Білікті мамандарсыз бірде бір стратегия табысты болмайды. Германия стандарттарына сай білім алған және оны бірлескен кәсіпорында кәдеге жаратып жүрген жас қазақстандық инженер бейнесі – біздің келешек серіктесіміздің келбеті десек, қателеспейміз.
Инвестициялық шешімдер де ұзақмерзімді тәсілді талап етеді. Мемлекеттік институттарға сенім болмаса, мұндай шешімдерді жүзеге асыру мүмкін емес.
2019 жылдан бері Қазақстан ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар арқылы оның іргесін дәйекті түрде нығайтып келеді.
Сыртқы саясатта еліміз өзара құрметке, мемлекеттердің дербестігі мен халықаралық құқықты сақтауға негізделген теңгерімді әрі сындарлы бағыт ұстанады. Бұл Қазақстанды сенімді әрі перспективті серіктес ретінде танытады.
Немістерде "Einigkeit macht stark" – "Күш – бірлікте" деген нақыл сөз бар. Осы ұлағатты сөз мүмкіндіктерін тоғыстырған Қазақстан мен Германияның ықпалдастығын дәл сипаттайды.
Өзара тиімді ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейте отырып, елдеріміз Еуразия құрлығындағы тұрақтылық пен өркениет кеңістігін нығайта береріне сенімдімін.