Катар әмірі 4-5 наурызда Қазақстанға ресми сапармен келеді

"4-5 наурызда Катар мемлекетінің әмірі шейх Хамад бен Халифа аль-Тани ресми сапармен Қазақстанға келеді. Сапар барысында Катар әмірі ел басшылығымен кездесулер өткізеді", - деді Е. Ашықбаев.

Осы сапар барысында тараптар әртүрлі салалардағы екіжақты қатынастарға қатысты барлық мәселелерді талқылауға және өзара қызығушылық тудырып отырған маңызды халықаралық және аймақтық проблемалар бойынша пікір алмасуға ниет білдіріп отыр. Сондай-ақ, Доханың Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес жұмысына қатысуы, Катар өкілдерінің дүниежүзілік және дәстүрлі діндер съездінің жұмысына қатысуы және Қазақстанның басқа да халықаралық бастамаларын алға жылжыту мәселелері де талқыланбақ.

Е. Ашықбаевтың айтуынша, келіссөздердің экономикалық жағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың белсенділігін арттыру, Қазақстан-Катар іскерлік кеңесін құру, екі елдің кәсіпкерлерінің қатысуымен бизнес-форумдар ұйымдастыру, Қазақстан астығын Катар нарығына шығару мүмкіндігі, мұнай-газ саласындағы ынтымақтастық мәселелерін қамтиды.

Сапар аясында экономика мен мәдениет салаларындағы бірқатар үкіметаралық келісімдерге қол қою жоспарлануда.