Кавасаки синдромына ұқсас аурудан бүлдіршіндер көз жұма бастады

Бұл туралы Caravan.kz порталы КТК арнасына сілтеме жасап хабарлады.  

Ләззат Мәнжуова, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы басқарма төрайымының орынбасары: - Екі жағдайға тоқталсақ, бір 15 жастағы бала Алматы қаласынан. Өзінің бұрыннан келе жатқан созылмалы ауруы – жүйелі қызыл жегімен ауырған. Екінші жағдайға келсек, екі жастағы бала Нұр-Сұлтан қаласынан. Марқұм болған екі жасар елордалықтың дене қызуы көтеріліп, үйінде үш күн жатқан. Кейін аурухананың жансақтау бөліміне түсіп, бір ай ес-түссіз жатып көз жұмыпты. Сирек кездесетін Кавасакиге ұқсас ауру алғаш рет тамыздың басында тіркелген. Содан бері қауіпті кеселге 41 бала шалдыққан. Олардың 37-сі жазылып шықты. Ал екеуі әлі де ем қабылдап жатыр. «Жағдайы қалыпты», - дейді дәрігерлер.

Аталмыш дертке шалдыққан бүкіл баланың ағзасынан коронавирусқа қарсы антидене анықталған. Жалпы пандемия басталғалы елімізде Covid-19-ды 2 жарым мың бала жұқтырса, оның 86 пайызында кесел симптомсыз өтіпті. Демек ата-аналар перзентінің індетпен ауырғанын білмеуі мүмкін. Сондықтан мамандар баланың қызуы көтеріліп, денесі бөртсе, дереу дәрігерге жүгінуді ескертеді. Өйткені дер кезінде ем-дом жасау – маңызды. Әдетте Кавасаки синдромына ұқсас ауру коронавирустан айыққан соң, 2-6 апта аралығында пайда болады.