Кавказ бен Орталық Азия елдерінде 5 миллионнан астам адам тойып тамақ ішпейді – ФАО

«Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстан бұрынғыша тойып тамақ ішпейтіндер саны 5 пайыздан асатын елдер қатарында тұр», - деп БҰҰ Агробизнес пен кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұйымының (БҰҰ ФАО) аймақтық бөлімшесі сарапшысы Степан Танич мәлім етті.

Оның айтуынша, 2011-2013 жылдары Қырғызстанда ішер асқа жарымаған халық саны 5,9 пайызды немесе 0,3 миллионды құраған. Бұл елдегі жағдай 1990-1992 жылдармен салыстырғанда едәуір жақсарған. Ол кезде халықтың 17,7 пайызы немесе 0,8 млн адам ішер астан таршылық көрген болатын, дейді сарапшы.

С.Таничтің мәліметіне қарағанда, Тәжікстандағы жағдай сол 90-шы жылдармен салыстырғанда өзгермеген. Онда ұарня тоя тамақ жемейтіндер саны 0,1 пайыз ғана кеміп, қазіргі таңда 30,2 пайызды құрап отыр. Ал, ішер асқа жарымайтындар саны осы уақыт аралығында 1,7 миллионнан 2,1 миллионға жеткен.

Сарапшы Өзбекстандағы ахуалға да алаңдаушылық білдірді. Ала тақиялы ағайындарымыздың 1,6 миллионы немесе 5,7 пайызы тоя тамақ ішпейді екен.


«Жалпы алғанда, Кавказ бен Орталық Азия елдерінде халықтың 7 пайызы немесе 5,5 миллион адам тамаққа жарымай отыр. 1990-1992 жылдары бұл көрсеткіш айтарлықтай жоғары - 9,7 млн болатын», - деді ол.