Қазақ боксында мұндай болған емес - Сарапшы ұлттық құраманың бапкерінің ауысуы туралы

Бокстан әлем чемпионы Галиб Жафаровтың жеке бапкері Әлімбек Балмағанбетов ұлттық құрамадағы бас бапкердің ауысуына қатысты мәселеге назар аударды, деп жазады Sportbugin.kz-ке сілтеме жасаған Caravan.kz.

Маманның пікірінше, мұндай оқиға қазақ боксында бұрын-соңды болмаған.

«2025 жылы Ливерпульдегі әлем чемпионатында өте жақсы нәтиже көрсеткен Қайрат Сәтжановты орнынан алып тастағанда, өз басым таң қалдым. Түсінбей қалдық, шыны керек. Әлем біріншілігінен үлкен жеңіспен оралған бапкерді дәл осылай алып тастау қазақ боксының тәжірибесінде бұрын болған жоқ.

Негізі, Париж Олимпиадасының алдында Сәтжановты денсаулығына байланысты кетті деді. Олимпиададан кейін оны бас бапкер етіп сайлағанда, «ауырып жүрген адам команданы қалай басқарады» деген ой менде де болған. Кейін тағы да денсаулығын алға тартып, шығарып тастады. Соған қарағанда, бұл пікір тек сылтау болған сияқты. Яғни, логикаға сыймайды. Бокс федерациясының ресми ұстанымдары бір-біріне қайшы кеп тұр.

Енді мұның «жемісін» 2028 жылғы Олимпиададан кейін көреміз. Егер алтын болса, ұмытылады. Ал тағы алтынсыз қалсақ, дәл осы қателік басты роль ойнайды. Себебі, өткелде ат ауыстырмайды деген сөз бар.

Өзім ұлттық құрамада біраз жыл жүрдім. Бапкер ауысқан соң, командада көп нәрсе өзгереді. Айналадағы адамдар ауысады, боксшыларға деген көзқарас ауысады. Бас бапкер универсал болуы керек», — деді Балмағанбетов.

Айта кетелік, қазіргі таңда Қазақстан құрамасын Нұржан Насанов жаттықтырады.