Қазақ футболының болашағы бұлыңғыр - Димаш Қашкен

Қазақстандық футболшы, "Хан-Тәңірі" клубының қорғаушысы Димаш Қашкен еліміздегі футболдың жағдайы мен жалақы мәселесін айтып берді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Жақында үйленген ол бірінші рет әйелімен бірге үлкен сұқбат берді. Сұқбат Айсәуле Бақытбектің ютуб арнасында жарық көрді. Ол қазіргі футболдың жағдайын сынға алды.

"Балаларыңызды футболға бергілеріңіз келсе, бірден Еуропада оқытқан дұрыс. Біздің елде футболдың даму деңгейі өте төмен. Қиын жағдайда тұр десем де болады. Сондықтан шетелге шыққан дұрыс. Жыл өткен сайын футбол дамудың орнына, артқа кетіп жатыр. Қазақстанда шетелдің футболшыларына жағдай жасалмаған. Қазақ футболшыларының жай-күйі де сондай. Әйтпесе, мықты ойыншыларды тартуға болады. Алайда ойынды алып шығатын футболшыларды сатып алмайды. Бәрі жемқорлықтың арқасында. Футболда жемқорлық бар екенін бәрі біледі, бірақ ешнәрсе істемейді", - деді футболшы.

Сонымен қатар футболшылар қанша жалақы алатынын да айтты.

"Біз жалақы туралы айтпаймыз, дегенмен Премьер-Лигада жаман емес. 15 миллионнан 20 миллионға дейін алатындар бар. Ең төменгі жалақы миллионнан асады. Оны жас ойыншылар алады", - деді Димаш Қашкен.