2012-жылы Женева қаласында "Меланхолия" деп аталатын мүсін пайда болды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы. Оны Румындық скульптор Альберт Георгий сомдаған еді.
Ескерткіштің ашылуына жиналған жұрт шымылдық түрілгенде кеудесі үңірейген қорқынышты мүсінді көріп шошып кетті. Бәрі аңтарылып жыланға арбалған торғайдай қатты да қалды. Шараға жиналған жұрт мүсінге қарап бөтен біреуді емес, құдды бір өзін көргендей күй кешті.
2000-шы жылғы статистика бойынша әлемдегі әр оныншы адам қуыс кеуде дертіне шалдыққан екен. 2010-шы жылы әр жетінші адам экзистенциялық фрустрацияға ұшырап, іштей ыдыраудың азабын тартып жатты. Бүгінде "Қуыскеуде" дерті екінің бірін тізе бүктіріп, сырқат атаулының алдына шықты.
Бұл дерт бұрын ғалымдар арасында "экзистенция вакуумы" деп аталатын. Бүгінгі таңда бұл кесел жаппай жайылып, кісі таңдамай жапыра бастаған соң, жұрттың назарын тезірек осы дертке аударуға тырыстық. Сол үшін де шеберлер Еуропаның кіндігінде осындай үрейлі мүсінді орнатты. Ең жаманы, бұл дертпен күресуде медицина мен психология шарасыз қалды.
Қазақстанда шыққан кітаптың атын әдейі "Қуыскеуде" деп қойған. Себебі бұл дерт қазақ қоғамында да асқынып барады. Бұрындары бозбалалардың өмірге құлшынып тұруы табиғи құбылыс саналатын. Қазір керісінше, жасөспірімдер өмірден соққы жемей-ақ төсегінде сұлқ түсіп жатып алатын жағымсыз сезімге шырмалды. Енді қазақ қоғамы да адамды енжар күйге түсіретін бұл дерттің атын, тарихын, диагнозын білуі тиіс деп осы кітап жарыққа шығып отыр.
Бұл кітапта ХХІ ғасырдың ең үлкен проблемасына айналған экзистенциялық фрустрацияның қазақ қоғамындағы пайда болуы мен таралу себептеріне экзистенциялық анализ жасалады. Әлем бойынша өзінің тарихи жадынан айырылып, ана тілі мен төл мәдениетінен көз жазып қалып, рухани тоқырауға тез ұрынған халықтың бірі – қазақ жұрты. Жалпы адам болмысының іштен бөлшектенуі ХХІ ғасырда жаппай белең алған қауіпті құбылыс саналады. Әзірге өз мәдениеті мен тарихы терең тамырына үңілуге қабілетті, сауатты елдер ғана бұл дертпен сәтті күресіп жатыр. Кітап қазақ мәдениеті мен танымына қызығатын оқырмандарға арналады.