Алматыда қазақ мектебінің тарихы - қазақ қоғамындағы демографиялық өзгерістер мен тіл саясатының айнасы. Кеңес дәуірінде «Алматыда бір ғана қазақ мектебі болды, ол №12 мектеп еді» деген сөз көп айтылады. Бұл пікір шындыққа жанасады дейді сарапшылар. 1970–80 жылдары қалада таза қазақ мектебі біреу ғана болды, бірақ бірнеше аралас мектеп жұмыс істеген.Ал қазір не өзгерді? Алматыда қанша қазақ бар? Қанша қазақ мектебі бар? Caravan.kz медиа порталы сарапшының пікіріне сүйеніп шолу жасайды.
Ресми статистикаға сүйенсек, КСРО құлаған шақта Алматыда бір таза қазақ мектебі және онға жуық аралас мектеп болған. Бұл қаладағы қазақ халқының үлесімен де байланысты еді.
Желтоқсанға дейінгі демография
Көпшілік арасында «Желтоқсан оқиғасы кезінде Алматыда қазақтар 10 пайыздан сәл ғана асты» деген пікір таралған. Алайда тарихи деректерге сүйенсек, 1979 жылы Алматыдағы қазақтардың үлесі 16,7 % болған. Яғни, қазақ тілді мектептің аздығы қаладағы қазақ халқының аздығымен тікелей байланысты еді.
Уақыт өте бәрі өзгерді. Бүгінде Алматы тұрғындарының басым көпшілігі - қазақтар. Соңғы ресми деректерге сәйкес, қала халқының 64,2%-ын қазақтар құрайды. Ал орыстардың үлесі шамамен 18,8 %, ұйғырлар 5,3 %. Яғни, Алматыдағы этникалық тепе-теңдік түбегейлі өзгерген.
Бүгінгі таңда Алматыда 215 мемлекеттік және 122 жекеменшік мектеп бар. Оның ішінде:
- 77 қазақ мектебі
- 57 орыс мектебі
- 78 аралас мектеп
- 3 ұйғыр мектебі
1990 жылдары қалада небәрі 7 қазақ мектебі болса, қазір олардың саны еселеп өсті. Қазақ тілінде білім алатын оқушылардың саны да 8 мыңнан 90 мыңға дейін, яғни 12 есе артты. Мемлекеттік тілге деген сұраныс артып келеді деген сөз.
Жаңа мектептер қай тілде ашылып жатыр?
Соңғы 12 жылда Алматыда жаңа 24 мектеп салынса, соның 19-ы қазақ тілінде ашылған екен.Биылдың өзінде қалада 20 жаңа мектептің (32,8 мың орындық) құрылысы аяқталмақ, тағы 2 мектеп 2025 жылы пайдалануға беріледі. Барлығы мемлекеттік тілде жұмыс істейтін болады.
Стереотиптер: «Қазақ мектебінің білімі төмен» дейтіндерге жауап
Саясаттанушы Асхат Қасенғали осы жансақ пікірге жауап берді.
«Қазақ мектебіне қатысты қоғамда бір қате түсінік әлі де бар. Қазақ мектебінде білім сапасы төмен, балалар жасық болып шығады деген пікір жиі айтылады. Тіпті кей ата-аналар үйінің жанында қазақ мектебі бола тұра, балаларын бірнеше шақырым жердегі орыс сыныбына апарады.Алайда бұл жаңсақ пікір. Қазақ тілді мектептен шыққан балалардың білімде де, ғылымда да топ жарып жүргенін, халықаралық олимпиадаларда жүлде алып жатқанын көзіміз көріп жүр. Қазақ мектебінде оқып, елдің атын шығарып жүрген жас ғалымдар мен мамандардың саны аз емес», - дейді маман.
Сарапшы өзінің оқиғасын да баяндап берді.
«Биыл қызым мектепке барады. Әрине, мен оны қазақ мектебіне, қазақ сыныбына беремін. Бір туысымыздың ұлы да бірінші сыныпқа барады, ол орыс сыныбын таңдады. «Неге қазақ сыныбына бермейсің?» десек, қазақ мектебінде білім сапасы төмен», - деп жауап берді.
Жаңсақ сенімнің тамыры әлі де терең жатыр. Әрине, ата-ананың жеке таңдауы бар. Ол олардың құқығы. Десе де, қазақ мектебінің сапасын төмендетіп айту әділетсіз деп қосты маман.
Болашақтың бағыты
Қазірдің өзінде демография өз дегенін жасай бастады. Қазақтар қала халқының негізгі бөлігіне айналды. Мектеп жүйесі де соған бейімделіп, қазақ тіліндегі білім беру кеңейіп жатыр.
Басты мәселе тек мектеп санын көбейту емес. Ата-ананың санасын өзгерту қажет. Қазақ мектебіне қатысты жалған стереотип жойылған сәтте, балаларын қазақ сыныптарына беретін ата-аналар да көбейеді.
Алматы — қазақ тілі үшін бәсекелестік алаңы ғана емес, сонымен бірге оның өрісін кеңейтіп келе жатқан қала. Егер 70–80 жылдарда бір ғана қазақ мектебі болса, бүгінде 77 мемлекеттік қазақ мектебі жұмыс істейді. Бұл демографиялық ауысымның, тілдік сұраныстың және ата-аналардың саналы таңдауына байланысты қалыптасқан өзгеріс.