Оған не себеп? Оны жазушы Қанат Тасыбеков анықтап көрді, - деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
"Бұл жағдай мені көптен бері мазалайды. Шынында да, менің жеке байқауым бойынша, өткен ғасырдағы элитамыздың — белгілі қазақ жазушылары мен ақындарының, мемлекет қайраткерлері мен ғалымдарының балаларының басым көпшілігі қазақ тілінде сөйлемейді.
Міне бүгін Facebook-те бір жазба көзіме түсті. Онда мен қазақтың әйгілі жазушысы әрі ақыны, Қазақ КСР-інің Мемлекеттік әнұранының авторы, абайтанудың негізін салушы Қайым Мұхамедхановтың (1916 ж.т.) 1953 жылы Хрущев пен Маленковке жазған хатын оқыдым. Ол 1951 жылы ұлттық көзқарастары үшін айыпталып, 25 жылға сотталған еді. Сол хатында ол айыптауларға жауап ретінде былай деп жазады:
«...Жеті балам бар, оның үшеуі ғана мектеп жасында. Бәрі де орыс мектебінде оқиды. Жазушы Всеволод Ивановтың есінде шығар, 1948 жылы ол менің үйімде Семейде қонақта болғанда, менің кішкентай балаларым орыс ақындарының өлеңдерін жатқа оқыған еді...»
Бұл туралы көп нәрсе айтуға болады, бірақ мен тек мынаны айтам: менің әкем де 1916 жылы туған, сталиндік кезеңде Ақмола облыстық атқару комитетінің жауапты хатшысы қызметінен ұсталып, Теміртау лагерінде жазасын өтеген. Ол 1953 жылы босап шықты, 1958 жылы Жұмабек Тәшеновтің көмегімен партияға қайта қабылданды.
Әкем қазақ тілін тамаша білетін, өз замандастарымен араб жазуымен жазылған өлең-эпиграммалармен хат жазысып тұратын (мен сол хаттарды апарып беретінмін). Бірақ, ешқашан, ешқашан маған «қазақша сөйле» деп айтқан емес. Біз отбасында жеті бала едік (мен алтыншысымын), бәріміз де орыс мектебін бітірдік…
Әрине, себеп көп. Бірақ репрессиялардан, кейде тіпті санадан тыс қорқыныштың да аз рөл атқармағаны анық шығар", - деп жазды жазушы.