”Қазаққа ұқсайды”: желіде Алматыдағы Пушкиннің жаңа ескерткіші қызу талқылануда

Бұл жолы ақын биік тұғырда тұрған жоқ, қалалық орындықта отырып бейнеленген. Мүсін жаяу жүргіншілер аллеясына орнатылған.

Қала тұрғындары жаңа идеяны жылы қабылдады. Көп ұзамай бұл орын серуендеушілер мен селфи жасаушылардың сүйікті нүктесіне айналды. Алайда желі қолданушылары көп ұзамай бір ерекшелікті байқаған. Олардың айтуынша, Пушкиннің бет-бейнесінен қазақы келбет байқалады.

Желіде не талқыланып жатыр?

Әлеуметтік желіде көпшілік мүсіннің ерекше шыққанын жазуда. Көп адам ақынмен қатар отырып суретке түсіп, оны заманауи әрі халыққа жақын формат деп бағалаған.

Сонымен қатар кейбір қолданушылар Пушкиннің бет пішінінде «қазақы сүйек», «жергілікті реңк» барын атап өткен.

Неліктен Пушкин өзгеше бейнеленген?

Өнертанушылардың айтуынша, бұл – қалыпты құбылыс. Себебі кез келген мүсінші тарихи тұлғаның бейнесін өз танымы, ортасы және күнделікті көріп жүрген адамдардың келбеті арқылы сомдайды.

Яғни мүсін нақты фотокөшірме емес, авторлық интерпретация саналады. Сондықтан әлемнің әр еліндегі бір тұлғаның ескерткіштері бір-біріне ұқсамай жатады.

Аллеяда тағы қандай нысандар бар?

Пушкин отырған орындықтан жоғарырақ тұста кітаптардың үстінде жайғасқан Ғалым Мысық мүсіні орнатылған. Кейбір тұрғындар оның бейнесін «Мастер мен Маргаритадағы» Бегемот мысығына ұқсатқан.

Ал одан әрі, 28 панфиловшылар саябағына жақын маңда Алтын балық мүсіні қойылған. Қала тұрғындары бұл орынның да символдық мәні барын айтып жатыр.

Неліктен Пушкинге ескерткіш қойылды?

Желіде «Неге дәл Пушкин?» деген сұрақтар да қойылуда. Алайда Пушкин ескерткіштері әлемнің көптеген қалаларында бар. Олар Париж, Вена, Рим, Бейжің, Сеул, Нью-Дели және Нью-Йорк секілді ірі қалаларда орналасқан.

Ол тек орыс әдебиетінің емес, әлемдік классиканың символы ретінде қабылданады.

Пушкин мен Қазақстан арасындағы байланыс

Абай Құнанбайұлы Пушкин шығармаларына ерекше назар аударған. Ол «Евгений Онегиннен» үзінділерді қазақы поэзия дәстүріне бейімдеп, халыққа жеткізген.

Сонымен қатар Александр Пушкин 1833 жылы Орал қаласына келген. Сол сапарында Пугачев көтерілісі туралы деректер жинап, кейін оларды «Капитан қызы» шығармасында пайдаланған.

Ескі ескерткіштен айырмашылығы қандай?

Алматыда бұған дейін де Пушкинге арналған классикалық бюст болған. Ол Ғылым академиясы маңында орналасқан.

Ал жаңа ескерткіштің ерекшелігі – оның халыққа жақындығында. Ақын орындықта отырып бейнеленгендіктен, тұрғындар оны ресми емес, жылы әрі заманауи образ ретінде қабылдауда.