Қазақстан 2030 жылғы әлем чемпионатына шыға ала ма? Өзбекстан тәжірибесі не көрсетті?

Осы ретте Қазақстан 2030 жылғы әлем чемпионатына қатыса алады ма деген орынды сұрақ туындайды. Бұл сұраққа Өзбекстан құрамасының бұрынғы шабуылшысы, Қазақстан Премьер-лигасының екі дүркін үздік сұрмергені Жафар Ирисметов жауап берді. Caravan.kz медиа порталының тілшісі Дядя Ваня басылымына сілтеме жасап жалғастырады. 

Өзбекстан жетістігінің басты сыры қандай?

Жафар Ирисметовтің айтуынша, әлем чемпионатына жол ашқан ең басты фактор қазіргі дарынды футболшылар буыны. 

«Өте талантты жас футболшылардың арқасында біздің құрама жетістікке жетіп отыр. Қазір ұлттық құрамада Еуропада ойнайтын бірнеше футболшы бар. Абдуқодир Хусанов “Манчестер Ситиде”, Элдор Шомуродов пен Аббосбек Файзуллаев шетелдік клубтарда өнер көрсетіп жүр. Өзбек футболшыларына еуропалық скауттардың қызығушылығы артып келеді. Олар мықты чемпионаттарда тәжірибе жинаған сайын ұлттық құраманың деңгейі де өседі», – дейді ол.

Қазақстанда да дәл осындай кезең басталып келеді. Магомед Адиев құрған құраманың негізгі ойыншыларының орнын біртіндеп жаңа буын алмастыруда. Сарапшылар Дастан Сәтбаев, Темірлан Анарбеков, Мақсат Абраев, Жасұлан Әмір, Виталий Латурнус сияқты жастардан үлкен үміт күтеді.

Балалар футболына көңіл бөлінбей нәтиже болмайды

Ирисметов Өзбекстандағы футбол реформасының негізі балалар академияларынан басталғанын айтады.

«Елімізде көптеген жеке футбол академиялары ашылды. Олар тек Ташкентте ғана емес, барлық өңірде жұмыс істейді. Дарынды балалар үлкен академияларға іріктеледі. “Пахтакор”, “Бунедкор”, “Насаф”, “Локомотив”, “Нефтчи” клубтарының академиялары жақсы жүйе қалыптастырды. Қазір әр клуб өз тәрбиеленушілерін өсіруге мүдделі. Себебі дайын футболшыны сатып алу өте қымбат», – дейді ол.

Қазақстанда да осы бағыттағы жұмыс соңғы жылдары қарқын алды. Елдегі ең табысты жобалардың бірі – «Қайрат» академиясы. Сонымен қатар Қазақстан футбол федерациясы Талғар мен Таразда жаңа академиялар салып жатыр. Ал QJ League жас футболшылардың кәсіби деңгейге көтерілуіне мүмкіндік беретін маңызды жобаға айналды.

Мемлекеттің қолдауы үлкен рөл атқарды

Өзбекстанда футболдың қарқынды дамуына мемлекеттік қолдау да айтарлықтай әсер еткен.

«Президент Шавкат Мирзиёев футболға ерекше көңіл бөледі. Елдің көптеген қаласында жаңа стадиондар салынды. Ұлттық құрамаға арналған заманауи база пайдалануға берілді. Қазір Ташкентте арнайы ұлттық құрама үшін үлкен стадион салынып жатыр. Өңір басшыларының өзі футболдың дамуына мүдделі. Сондықтан балалардың көбі дәл осы спортты таңдайды», – дейді Ирисметов.

Қазақстанда ұлттық құраманың оқу-жаттығу базасы болғанымен, ұлттық командаға арналған жеке стадион әлі жоқ. Дегенмен соңғы жылдары жаңа ареналар салынып, футбол инфрақұрылымы біртіндеп жаңарып келеді.

Қазақстан дұрыс бағытта келе ме?

Өзбекстандық маманның пікірінше, Қазақстан футболында да оң өзгерістер байқалады.

«Қазақстанда футболға қомақты қаржы бөлініп жатыр. Алматы мен Шымкентте болып, жақсы өзгерістерді көрдім. Заманауи алаңдар көбейген. “Қайрат” академиясы Орталық Азиядағы ең үздіктердің бірі саналады. Әрине, Қазақстанға әлем чемпионатына шығу қиынырақ. Себебі сіздер УЕФА аймағында өнер көрсетесіздер. Бірақ қазіргі жұмыстар жалғаса берсе, бес-он жылдан кейін оның нәтижесін міндетті түрде көресіздер», – дейді ол.

Қазақстан 2030 жылғы әлем чемпионатына шыға ала ма?

Әлем чемпионатына жолдама алу үшін Қазақстанға әлі де көптеген жұмысты атқару қажет. УЕФА аймағындағы бәсекелестік Азиямен салыстырғанда әлдеқайда жоғары.

Соған қарамастан, соңғы жылдары елімізде балалар футболына инвестиция артып, жаңа академиялар арқасында жас таланттардың қатары көбейіп келеді. Бұл өзгерістердің алғашқы нәтижесі алдағы жылдары байқалуы мүмкін. Сондықтан сарапшы Қазақстанның ертеңіне сенеді.

«Қазір халықаралық турнирлерде Қазақстанның көптеген командаларын көремін. Жас футболшылардың деңгейі өсіп келеді. Ең бастысы осы бағыттан таймау керек. Сонда нәтиже де келеді. Алла қаласа, келесі әлем чемпионатында Өзбекстан мен Қазақстан бірге ойнайды деп сенемін», – деп түйіндеді ол.