Қазақстан әлемнің бәсекеге қабілетті 40 экономикасы қатарындағы орнын сақтап қалды

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Рейтинг нені көрсетеді?

Рейтингке сәйкес, Қазақстан Испания, Португалия, Үндістан және Италия сияқты экономикалардан жоғары орналасқан.

IMD рейтингі елдердің экономикалық әлеуетін ғана емес, олардың бизнесті жүргізуге және ұзақ мерзімді экономикалық өсімді қамтамасыз етуге қаншалықты қолайлы екенін бағалайды.

Экономикалар төрт негізгі бағыт бойынша сараланады:

- экономикалық көрсеткіштер;

- мемлекеттік басқарудың тиімділігі;

- бизнестің тиімділігі;

- инфрақұрылым.

Сондықтан бұл рейтингті тек жалпы ішкі өнімнің көлемімен немесе экономиканың өсу қарқынымен өлшеуге болмайды. Мұнда мемлекеттік институттардың жұмысы, бизнес ортасының жағдайы, инфрақұрылымның сапасы және экономиканың өзгерістерге бейімделу қабілеті де ескеріледі.

Ірі экономика әрдайым бәсекеге қабілетті бола бермейді

2026 жылғы рейтингтің алғашқы үштігіне Сингапур, Гонконг және Швейцария кірді. АҚШ 10-орында, Қытай 12-орында, Германия 23-орында, Жапония 30-орында тұр. Бұл сандарға қарап, елдің нарығы қаншалықты үлкен болғанымен, бизнестің өнімділігі, институттардың тиімділігі, ережелердің болжамдылығы және мемлекеттің өзгерістерге бейімделу жылдамдығы да маңызды рөл атқаратынын көреміз.

Қазақстан үшін 38-орын нені білдіреді?

Қазақстанның 38-орында орналасуын екі қырынан бағалауға болады, дейді экономист Айбар Олжаев. 

Бір жағынан, ел рейтингтің төменгі бөлігінде емес және әлемдегі бәсекеге қабілетті 40 экономиканың қатарында қалып отыр. Қазақстанның макроэкономикалық көрсеткіштері, инфрақұрылымы және мемлекеттік басқару жүйесінің жекелеген бағыттары елдің осы позицияны ұстап тұруына мүмкіндік беріп отыр.

Екінші жағынан, халықаралық рейтингтердегі орын тек елдің өз көрсеткіштеріне байланысты емес. Басқа мемлекеттер реформаларды жылдамырақ жүргізіп, бизнес ортасын жақсартып, өнімділігін арттырса, Қазақстанның көрсеткіштері өзгермеген жағдайда оның салыстырмалы позициясы төмендеуі мүмкін.

Сондықтан Қазақстан үшін келесі кезеңдегі негізгі міндеттердің бірі экономикалық өсімді сапалы өзгерістерге айналдыру. Яғни, табиғи ресурстар, энергияның салыстырмалы қолжетімділігі, салықтық артықшылықтар мен географиялық орналасу экономиканың бәсекеге қабілеттілігіне әсер ететін факторлар болғанымен, қазіргі жағдайда олардың өзі жеткіліксіз.

"Ендігі мәселе ЖІӨ-ні жай ғана өсіру емес. Сол өсімді бизнес өнімділігіне, сапалы инфрақұрылымға, тиімді мемлекеттік институттарға және инвестор сеніміне айналдыру маңызды. Егер осы трансформация жүрсе, Қазақстанның әлемнің ең бәсекеге қабілетті 30 экономикасының қатарына кіруге ресурсы жеткілікті. Ал институционалдық реформалар баяу жүретін болса, бізден төмен тұрған Польша, Үндістан және басқа дамушы экономикалар арадағы айырманы тез жабуы мүмкін", - дейді экономист.