Қазақстан бойынша 4 мыңға жуық заңсыз қоқыс орны анықталды

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы zakon.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Ішкі істер министрлігі "Таза Қазақстан" бағдарламасы аясында 2024 жылдан бастап республика аумағында тұрмыстық қатты және құрылыс қалдықтарын арнайы белгіленбеген орындарға тастауға, сондай-ақ сұйық қалдықтарды полигондардан тыс жерлерге төгуге жол бермеу бойынша акция өткізуде.

Жалпы шамамен 4 мыңға жуық стихиялық қоқыс орны анықталып, 664 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді.

Жергілікті атқарушы органдарға заң бұзушылықтарды жою жөнінде 2 834 ұсыныс енгізіліп, нәтижесінде 2 295 қоқыс орны жойылды.

Қоршаған ортаны қорғау саласындағы санитариялық-эпидемиологиялық және экологиялық талаптарды бұзғаны үшін 1 419 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Полиция азаматтарды қоршаған ортаға ұқыпты қарауға, табиғатты қорғау заңнамасының талаптарын сақтауға, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті бұзбауға шақырады.