Қазақстан бокстан Олимпиада ойындарында антирекорд орнатты

Қазақстан Тәуелсіздік алғалы бокстан Олимпиада ойындарынан ерлер арасында кемі екі медальмен оралып жүрген. Осы жолы антирекорд болды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы. Бұл туралы "1Bol" арнасы жазды.

Еліміз 1996 жылдан бері жазғы Олимпиада ойындарына қатысып келеді. Осы жылдар ішінде 1996, 2000, 2016 жылдары төрт медаль алдық. Сиднейде екі алтын болса, қалғандарында бір реттен топ жардық. Ең аз медаль 2008 және 2020 жылғы Олимпиадада тіркелді. Бейжіңде 1 алтын, 1 қола болса, Токиода 2 қоламен қайттық.  

Ерлер арасында тек Нұрбек Оралбай (80 кг) жартылай финалға жолдама алды. Әзірге оның жүлдесі қандай болатыны белгісіз.

Назым Қызайбай ширек финалда Колумбия спортшысы Ингрит Валенсиямен кездесті. 50 кг салмақ дәрежесіндегі жекпе-жекте қазақстандық боксшы төрешілердің шешімімен жеңіске жетті. Енді Назым Қызайбай жартылай финалда қытайлық боксшы Ву Юмен жұдырықтасады. Жеңсе, алтын медальға таласады. Ал жеңіліс тапса, қола жүлде еншілейді. Жекпе-жек 7 тамызға қараған түні 01:00-де болады.

Айта кетейік, Париж Олимпиадасына Қазақстанның ерлер құрамасы толық құрамда – жеті боксшымен барып, оның алтауы жеңілді.

Айбек Оралбай (92 кг), Асланбек Шымбергенов (71 кг), Қамшыбек Қоңқабаев (+92 кг), Махмұд Сабырхан (57 кг), Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63,5 кг) және Cәкен Бибосынов (51 кг) жарыс жолынан шығып қалды.