Барлық өңірлерде Достық үйлерінің жанынан су тасқынынан зардап шеккендерге арналған көмек қабылдау пункттері ұйымдастырылып, ағымдағы жылғы 5 сәуірдегі жағдай бойынша 110,0 млн. теңгеден астам қаражат жиналған, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
«Ассамблея жастары» РҚБ және ҚХА қоғамдық құрылымдарының еріктілері, мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне белсенді көмек көрсетуде. Сондай-ақ, ЭМБ өкілдері және ҚХА мүшелерімен материалдық-қаржылық көмек көрсетілуде.
Аталған жұмысқа республика бойынша ҚХА-ның 9000-нан астам еріктілері жұмылдырылды.
Өңірлік этномәдени бірлестік өкілдерімен 25,3 мың тонна азық-түлік және бірінші қажеттіліктегі тауарлар жіберілді. Сондай-ақ, 23 жүк машинасы (орташа және ауыр жүк фуралары және т.б.) мен 14 арнайы техника (экскаваторлар, камаздар, самосвалдар және т.б.) тартылды.
Атап айтқанда, 2024 жылғы 5 сәуірде Батыс Қазақстан облысындағы Достық үйінің қабылдау пунктіне өңірдегі кәсіпкерлер, ҚХА мүшелері, қоғамдық бірлестіктер азық-түлік өнімдері, киім-кешек, төсек-орын түрінде әлеуметтік көмек көрсетті. Жиналаған көмек Батыс Қазақстан облысындағы Қаратөбе ауданына үшінші рет, Бөрлі ауданына екінші рет жеткізілді.
Сондай-ақ Жамбыл облыстық М.Қашқари атындағы Ұйғыр этномәдени бірлестігінің Аналар кеңесі мен облыстың Жастар саясаты басқармасының Жастар ресурстық орталығы үй-жайларын су басқан тұрғындарға көмек қолын созып, зардап шеккендерге көмек қорын әкелді.