Қазақстан халқы Ассамблеясы су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек жібереді

Бұл туралы Сaravan.kz медиа порталы хабарлайды.

2024 жылғы 3 сәуірде елордалық Достық үйінің ғимаратында су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек көрсету бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық және өңірлік штабтарының бірлескен онлайн отырысы өтті.

Отырысқа ҚХА Төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігінің ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, Парламент Сенатының депутаттары, этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен мүшелері, «Ассамблея жастары» ұйымының өкілдері қатысты.

Күн тәртібінде ҚХА өңірлік штабтарының жұмысын үйлестіру мәселелері қаралды.

Анықтама: Барлық өңірлердегі Достық үйлерінде штабтар, волонтерлік орталықтар және гуманитарлық көмек қабылдау пункттері ұйымдастырылған. Бүгінгі таңда гуманитарлық көмекке 30 млн теңгеден астам қаржы жиналды.

Сондай-ақ, зардап шеккендерге гуманитарлық көмек көрсету мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жүректен жүрекке» арнайы жобасы іске қосылды. Жоба аясында «Ассамблея жастары» ұйымы, еріктілер орталықтары және ҚХА-ның белсенді мүшелері су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға арнайы көмек көрсетеді. Гуманитарлық жүктерді жөнелту жұмыстары жүріп жатыр. Бүгін Қарағанды және Ақмола облыстарына көмек жіберіледі.