Бір жылдан астам уақытқа созылған ауқымды арнайы операция бірнеше мемлекеттің аумағын қамтыды, деп хабарлайды Zakon.kz.
ІІМ мәліметінше, операция Украина және Албанияның құқық қорғау органдарымен, Қазақстан мен Украинаның бас прокуратураларымен, Интерполмен, сондай-ақ АҚШ-тың Есірткіге қарсы күрес басқармасымен бірлесіп жүргізілді.
Қылмыстық топ мүшелері адамдарға заңды жұмыс ұсынған болып, оларды call-орталық операторлары, HR-менеджерлер, химиктер, курьерлер, есірткі жасырушылар, логистер және қойма қызметкерлері ретінде жұмысқа тартқан. Оларға оңай әрі қомақты табыс табуға болатынын айтып, шын мәнінде халықаралық есірткі бизнесіне араластырған.
"Қылмыстық құрылымда рөлдер нақты бөлінген. Оны көршілес мемлекеттің 36 жастағы азаматы ұйымдастырған. Қазақстанның Ішкі істер министрлігі операцияның барлық негізгі кезеңіне қатысты", – деді ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов.
Қылмыстық әрекетті құжаттау барысында Украина аумағында адамдарды заңсыз әрекетке тартумен айналысқан call-орталықтарда 26 тінту жүргізілді. Нәтижесінде төрт мыңға жуық цифрлық айғақ тәркіленді.
Тәркіленген материалдарды талдау кезінде Telegram желісінде жұмыс істеген 31 есірткі дүкені, қылмыстық схеманы ұйымдастырушылар және заңсыз әрекетке тартылған жүздеген адам анықталды. Қазақстан ІІМ қызметкерлері олардың елімізде есірткі таратуға қатысы бар-жоғын тексерді.
Мамыр айында арнайы операцияның кезекті белсенді кезеңі өтті. Қазақстан ІІМ өкілдерінің қатысуымен Киев қаласы мен Киев облысында 70 тінту жүргізілді. Нәтижесінде адамдарды қылмыстық әрекетке тартқан call-орталықтардың жұмысы тоқтатылып, қылмыстық қоғамдастықтың 27 белсенді мүшесі анықталды.
Шілде айында Қазақстан аумағында украиналық құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен тағы 15 тінту жүргізілді. Тергеу іс-шаралары барысында елімізде есірткі сатуға қатысы бар қылмыстық желі мүшелері ұсталды.
ІІМ мәліметінше, қылмыстық құрылым ішінде қатаң тәртіп орнатылған. Заңсыз әрекеттен бас тартуға тырысқан адамдарға айыппұл салынған, күш қолданылған және оларды заңсыз қамауда ұстаған.