Қазақстан Иранға гуманитарлық жүк жіберді

Қазақстан Иранға 30 вагон гуманитарлық көмек жіберді, деп хабарлайды Tengrinews.kz KazAID қазақстандық халықаралық даму агенттігіне сілтеме жасап.

Қазақстан Үкіметінің қаулысына сәйкес, KazAID қазақстандық халықаралық даму агенттігі Сыртқы істер министрлігімен, Төтенше жағдайлар министрлігімен және Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, Иранға гуманитарлық көмек жөнелтуді ұйымдастырған.

Ислам Республикасына азық-түлік пен дәрі-дәрмек тиелген 30 теміржол вагоны жіберілген. Жүк Иранның Қызыл Жарты Ай қоғамына тапсырылады.

Билік өкілдері бұл гуманитарлық көмек Қазақстан мен Иран арасындағы достық пен тату көршілік қарым-қатынасты, сондай-ақ елдердің өзара қолдауын көрсететінін атап өтті.

"KazAID" қазақстандық халықаралық даму агенттігі коммерциялық емес акционерлік қоғамы – Қазақстан Үкіметі құрған дамуға ресми көмек (ДРК) саласындағы оператор. Агенттік Қазақстан СІМ-нің ведомстволық бағынысты ұйымы болып саналады. Ол ДРК саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады.

Автор: Caravan.kz