Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Не болды?
ОПЕК+ құрамындағы жеті ел - Қазақстан, Ресей, Сауд Арабиясы, Ирак, Кувейт, Алжир және Оман мұнай өндірісін тәулігіне 188 мың баррельге түзету туралы шешім қабылдады.
Бұл өзгеріс 2026 жылдың шілдесінде өз күшіне енеді. ОПЕК+ мәліметінше, бұл шешім мұнай нарығындағы тұрақтылықты сақтауға бағытталған.
Анықтама: ОПЕК+ – бұл ОПЕК (Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы) елдері мен басқа да ірі тәуелсіз мұнай өндірушілердің басын қосатын халықаралық мұнай альянсының кеңейтілген форматы. Бұл ерікті бірлестіктің басты мақсаты – әлемдік бағаны тұрақтандыру және котировкалардың күрт құбылуын болдырмау үшін мұнай өндіру көлемін бірлесе реттеу.
ОПЕК+ елдері нарықтағы жағдайды жіті бақылауды жалғастыратынын мәлімдеді.
Мұнай нарығының тұрақтылығын қолдау жөніндегі күш-жігер аясында олар сақтық ұстанымына бейілділігін және өндірісті ұлғайту, тоқтата тұру немесе ерікті шектеулерден кезең-кезеңімен бас тарту процесінің күшін жою туралы шешім қабылдау кезінде толық икемділікті сақтайтындарын растады.
"Елдер Ынтымақтастық туралы декларация шарттарын, соның ішінде өндірісті қосымша ерікті шектеулерді толық сақтауға дайын екенін тағы да білдірді. Олардың орындалуын Бірлескен министрлік мониторинг комитеті (JMMC) қадағалайды. Сонымен қатар, қатысушылар 2024 жылдың қаңтарынан бастап белгіленген деңгейден асыра өндірілген барлық көлемнің орнын толық толтыру ниетін растады. Бұл міндеттемелерді орындау мерзімі 2026 жылғы желтоқсанның аяғына дейін ұзартылды", - делінген мәлімдеме мәтінінде.
Сондай-ақ, ОПЕК+ жеті елі нарықтағы жағдайды, уағдаластықтардың сақталу деңгейін және өтемақы міндеттемелерінің орындалуын бағалау үшін ай сайын кездесулер өткізіп тұруға уағдаласқан.
Қатысушылардың келесі кездесуі 5 шілдеге жоспарланған.
Еске салайық: мамырда Қазақстан мен ОПЕК+ құрамындағы тағы алты ел мәлімдеме жариялаған болатын. Ол кезде ОПЕК+ мүшесі болып табылатын жеті ел ағымдағы жағдайы мен болашағын қарастыру үшін виртуалды кездесу өткізгені хабарланды.
Мұнай нарығының тұрақтылығын сақтау жөніндегі ұжымдық міндеттемелер аясында жеті ел өндірісті тәулігіне шамамен 188 мың баррельге түзетуді ұйғарғаны нақтыланды. Бұл түзету 2026 жылдың маусымында іске қосылуы тиіс еді.