Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстан Үкіметі мен Қырғызстан Үкіметі арасындағы Қырғызстанның Ыстықкөл облысы аумағында орналасқан курорт-сауықтыру нысандарына Қазақстанның меншік құқығын реттеу туралы келісім Қазақстан тарапына (база объектісінен басқа) нысандарды жыл бойы жұмыс істейтін 3 және 4 жұлдызды қонақүй деңгейіне дейін жаңғырту міндеттемесін 2029 жылдың аяғына дейін ұзартуды көздейді. Елдер арасындағы бұл келісім 2006 жылғы 4 шілдеде қол қойылған.
Сенат депутаты Нұрия Ниязованың айтуынша, тараптар Қазақстанның инвесторлар тартуына, тіпті берілген аумақтағы нысандарды бұзуына да мүмкіндік беруге келіскен. Келісім Қазақстанның төмендегі төрт нысанға меншік құқығын бекітеді: "Қазақстан" санаторийі, "Самал" демалыс үйі, "Университет" спорт-сауықтыру лагері, "Олимп" спорт-сауықтыру орталығы.
"Қазір Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы Ыстықкөл көлінде "Қазақстан" санаторийін салу бойынша инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатыр, пайдалануға беру мерзімі, болжам бойынша, 2026 жылдың 4-тоқсаны. Сондай-ақ, санаторий аумағында бар барлық ғимарат пен құрылысты бұзу қарастырылған, тек Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың №1 саяжайы ғана тарихи-мәдени мұраны сақтау және оның есімін ұлықтау нысаны ретінде қалдырылып, бұл нысан үй-музейге айналдырылмақ", - деді Ниязова.
Екінші құжатқа келсек, Қазақстан Үкіметі мен Қырғызстан Үкіметі арасындағы Қырғызстанның Ыстықкөл ауданында жер телімдерін жалға беру туралы 2009 жылғы 1 желтоқсандағы шарт Қазақстанға жерді жалға алу құқығын береді.
"Шартқа сәйкес, тарапқа жалпы аумағы 58,8 гектар болатын жер телімдері 49 жыл мерзімге уақытша ақылы пайдалануға (жалға) берілді", - деп түсіндірді Ниязова.
Оның айтуынша, қырғыз тарапы жалға берілген нысандардың қол сұғылмауына кепілдік береді және оларды мемлекеттік меншікке алып қоюға бағытталған әрекеттерден бас тартуға міндеттенеді.