Қазақстан-Қытай шекарасы үш күнге жабылады

Қытай Халық Республикасының құрылған күнін мерекелеуге байланысты Қазақстан-Қытай шекарасындағы автомобильді өткізу пункті үш күнге жұмысын тоқтады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі мәлім етті. 

«Мемлекеттік кірістер комитеті Қытай Халық Республикасының құрылған күнін мерекелеуіне байланысты 2024 жылғы 1 қазаннан бастап 3 қазанға дейін Қазақстан-Қытай шекарасындағы автомобильді өткізу пунктерінде тұлғалардың, көлік құралдары мен жүктердің өтуі жүзеге асырылмайтынын хабарлайды», — делінген ақпаратта.

Қазақстан-Қытай шекарасындағы теміржол өткізу пункттері штатты режимде жұмысын жалғастырады.

«Тасымалдаушылардан және шекарадан өтуге ниет білдіргендердің барлығынан енгізілген шектеулерді ескере отырып, өз маршрутын алдын ала жоспарлауды сұраймыз», — деп хабарлады Мемлекеттік кірістер комитеті.