Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ваагн Хачатурян бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы президенттерге рапорт беріп, екі елдің әнұрандары шырқалды. Содан соң Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ваагн Хачатурян келіссөз өткізді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Мемлекет басшысы Армения Президентіне ілтипат көрсетіп, еліміздің қазақ-армян ынтымақтастығын мүлдем жаңа деңгейге көтеруге мүдделі екенін айтты.
"Бүгінгі уағдаластықтар өзара байланыстың нығая түсуіне ықпал етеді деп сенемін. Біз қазақ-армян серіктестігінің негізі саналатын жоғары деңгейдегі кездесулерімізге ерекше мән береміз. Қазақстан Армениямен достық қарым-қатынасты жоғары бағалайды. Қазақ елінің армян халқына ықыласы ерекше. Армения – еліміздің сенімді әрі уақыт сынынан өткен жақын серіктесі. Біздің халықтарды берік достық, ортақ тарих және ұқсас мәдени-гуманитарлық құндылықтар байланыстырады. Екіжақты қатынастар барлық салада қарқынды дамып келе жатқанын айрықша атап өткім келеді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.