Қазақстан мен Чехия жеке деректерді сатумен айналысқан халықаралық желіні жойды

Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі Polisia.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

ІІМ Киберқылмысқа қарсы күрес департаментінің бастығы Жандос Сүйінбайдың мәліметінше, ұзақ уақыт бойы жүргізілген жедел өңдеу, мұқият жоспарлау және құқық қорғау органдарының үйлесімді іс-қимылы халықаралық деңгейде жұмыс істеген қылмыстық топтың әрекетін әшкерелеуге және тоқтатуға мүмкіндік берді.

"Биыл Усти-над-Лабем (Чехия Республикасы), Астана, Алматы және Қарағанды қалаларында қылмыстық іске қатысы бар адамдардың тұрғылықты жерлері бойынша бір мезетте тінту жүргізілді. Тергеу амалдары барысында заңсыз әрекеттердің дәлелі бар көптеген цифрлық тасымалдағыш, сондай-ақ қолма-қол ақша тәркіленді", - деп түсіндірді ол.

Ведомствоның мәліметінше, қаскөйлер қылмыстық әрекеттерін жүзеге асыру үшін Қазақстан мен іргелес мемлекеттер азаматтарының дербес деректері орналастырылған жабық интернет-ресурс құрған.

Автор: Caravan.kz