Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Sputnik.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстан мен Франция азаматтық авиация саласында кадрларды даярлау бойынша ынтымақтастық туралы келісімге келді, деп хабарлады көлік министрлігі.
Көлік вице-министрі Талғат Ластаев бастаған қазақстандық делегация Францияның Азаматтық авиация ұлттық мектебінің (ENAC) директоры Оливье Шансу және оның орынбасары Николя Калазиспен жұмыс кездесуін өткізді.
Кездесу барысында Еуропаның жетекші авиациялық мамандар даярлау орталығымен Астанада еуропалық деңгейдегі өңірлік авиациялық оқу орталығын ашу мәселелері талқыланды.
"Аталған орталық азаматтық авиация саласындағы заманауи білім беру стандарттарының өңірлік орталығына айналады. Елде мұндай оқу орталығының болуы саланың шетелдік оқу ұйымдарына тәуелділігін азайтып, елімізде білікті мамандар даярлауға мүмкіндік береді. Бұл ынтымақтастық сондай-ақ саланың отандық кадрларын жүйелі түрде даярлауға және тәжірибе, білім мен халықаралық практикалар алмасуға бағытталатын болады", - деп жазылған хабарламада.
Отандық авиация саласының жыл сайынғы қажеттілігі шамамен 500–600 маманды — ұшқыштарды, инженерлерді, әуе қозғалысын басқару диспетчерлерін, жерүсті қызметкерлерін және басқа да негізгі бағыттар бойынша мамандарды құрайды.
Ведомство хабарлауынша, Қазақстанда жұмыс істеп тұрған авиациялық оқу орталықтары Еуропалық ұшулар қауіпсіздігі агенттігі (EASA) белгілейтін озық еуропалық стандарттарға сәйкес келмейді. Айта кету керек, Азаматтық авиация ұлттық мектебі (ENAC) Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО), Еуропалық ұшулар қауіпсіздігі агенттігі (EASA), Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA) және Халықаралық әуежайлар кеңесі (ACI) талаптарына толық сәйкес келетін жалғыз оқу орны болып табылады.