Жиынға 600-ден астам делегат қатысты. Форум аясында көлік-логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, өнеркәсіп және жаңа технологиялар салаларындағы бірлескен жобалар талқыланды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық байланыс соңғы жылдары айтарлықтай өскен. 2025 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 48,7 млрд долларға жетіп, Қытайдан тартылған тікелей инвестиция көлемі 2,8 млрд долларды құрады. Бұл көрсеткіш Қытай инвестициясы бойынша тарихи рекорд ретінде аталды.
Экономист Айбар Олжаевтың пікірінше, ендігі маңызды мәселе – инвестиция көлемін ғана арттыру емес, оның нақты экономикалық нәтижеге айналуы.
«Миллиардтар енді зауытқа айналуы керек», – дейді экономист.
Инвестицияның сапасы маңызды
Айбар Олжаев Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымының өсуімен қатар, инвестиция бағытында да өзгеріс болып жатқанын атап өтеді.
Оның айтуынша, жаңа жобалар біртіндеп шикізат секторынан өндіріс пен технологияға қарай ойысып келеді.
Мәселен, Алматыда қытайлық UBTECH Robotics компаниясының Қытайдан тыс алғашқы адам тәрізді роботтар зауытын ашу жобасы қарастырылған. Автомобиль өнеркәсібінде Allur компаниясы Li Auto көліктерінің өндірісін локализациялауға, ал Astana Motors OMODA және JAECOO маркаларын шығаруды дамытуға кіріседі.
Фармацевтика саласында BeOne Medicines пен INKAR компаниялары онкологиялық препараттарды Қазақстанда өндіруді жоспарлап отыр. Ал Жамбыл облысындағы Fufeng Group жобасы ауыл шаруашылығы өнімдеріне тұрақты сұраныс қалыптастыруға бағытталған.
Форум қорытындысында да өндірістік және технологиялық жобаларға басымдық берілгені көрінді. Атап айтқанда, UBTECH роботтар зауыты, автомобиль өндірісін локализациялау және онкологиялық препараттар өндірісін жолға қою жобалары аталды.
8,2 млрд долларлық келісімдер
Форум аясында жалпы сомасы 8,2 млрд доллар болатын 50 коммерциялық құжатқа қол қойылды. Келісімдер көлік және логистика, энергетика, цифрландыру, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп бағыттарын қамтиды.
Ірі жобалардың қатарында Құрық портын дамыту, «Қорғас» арнайы экономикалық аймағындағы ақылды логистикалық парк және Xinfa көмір-химия кешені бар. Сонымен қатар Абай облысында электролиттік алюминий өндіретін зауыт пен оған іргелес жел электр станциясын салу жобасы қарастырылған.
Айбар Олжаев бұған дейін форум қарсаңында жазған пікірінде инвестицияның экономикалық әсерін тек оның көлемімен өлшеуге болмайтынын атап өткен.
Оның сөзінше, ірі жобалардың айналасында қазақстандық жеткізушілер, инженерлік компаниялар мен сервистік бизнес қалыптасып, жаңа жұмыс орындары ашылуы маңызды.
Қытаймен сауда көлемі өсіп келеді
Соңғы бес жылда Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 2,3 есе, ал соңғы он жылда 4,5 есе өскен.
2025 жылы екі ел арасындағы сауда көлемі 48,7 млрд долларға жетсе, Қытайдан Қазақстанға тартылған тікелей инвестиция 2,8 млрд доллар болды.
Айбар Олжаевтың пікірінше, осы қарқынның келесі кезеңі инвестицияны дайын өндірістерге айналдырумен байланысты болуы керек. Яғни Қазақстан үшін маңыздысы – капиталдың елге келуі ғана емес, оның экономикада қандай өндіріс қалыптастыратыны.
Қазақстанның логистикалық рөлі артып келеді
Экономист өз мәтінінде инвестициямен қатар көлік-логистика саласының маңызын да атап өткен.
Қазақстан арқылы Қытай мен Еуропа арасындағы құрлық жүктерінің шамамен 85 пайызы өтеді. Ел аумағында 13 халықаралық көлік дәлізі бар. Соңғы 15 жылда көлік және логистикалық инфрақұрылымға 35 млрд доллардан астам инвестиция салынған.
Ақтау, Құрық, Қорғас және Орта дәлізді жеке нысандар емес, Қытай – Қазақстан – Каспий – Еуропа бағытындағы біртұтас логистикалық жүйе ретінде қарастыруға болады.
Форумда да көлік-логистика бағытындағы жобаларға басымдық берілді. Бұл ретте Құрық порты мен «Қорғас» арнайы экономикалық аймағындағы логистикалық парк жобалары таныстырылды.