Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Өзбекстан Ұлттық статистика комитетінің ақпаратына сай, бес айда елдің сыртқы сауда айналымы 32,8 млрд долларға теңеліп, 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,7%-ға өсті. Қаңтар-мамырда көршілес мемлекет әлемнің 185 елімен сауда-саттық жасады.
Өзбекстанның негізгі сауда серіктестері көшін Қытай бастап тұр. Екі мемлекет арасындағы тауар айналымы 7,6 млрд доллардан (жалпы көлемнің 23,4%) асты.
Ал сауда-саттықтың 17,6%-ы Ресейдің үлесіне тиесілі. Бұл елмен арадағы экспорт-импорт көлемі 5,7 млрд доллардан артық.
Сондай-ақ көшбасшылардың үштігін Қазақстан түйіндейді. Ресми Астана мен Ташкент арасындағы тауар айналымы 2,2 млрд доллардан (6,9%) асты. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 945 млн долларға көп. Қамтылып отырған кезеңде Өзбекстан 573,7 млн доллардың тауарын экспорттап, 1,6 млрд доллардан астам сомаға өнім импорттаған.