Қазақстан мен Ресей арасы ушығып барады ма?

Бұл туралы белгілі блогер Оңғар Қабден өзінің парақшасында жазды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

"Көршің жаман болса үйіңді сатып құтылуға болады. Ал, мемлекеттік шекараң жеті мың шақырыммен шектесетін елді қайтесің?

Қазақстанның территориясына көз салып, Қазақ елінің тәуелсіздігіне күмән келтірген Никонов, Федеров пен Толстой сияқты депутаттары, «Қазақстанда орыс тілі мен орыстарды шеттетіп жатыр» деп құр сөзден қуырдақ қуырған Тина Канделаки сияқты журналистер де болды. Алайда мұның бәрі түптеп келгенде екі ел арасында ынтымақтастыққа сызат түсірмеуі тиіс.

Әйтпесе, қит етсе Қазақстанға әскер кіргізу керек деп шығатын елірмелер Ресейдің бізден басқа досы жоғын да түсінуі керек!

Соңғы 20 жылға жуық уақытта Ресейден Қазақстанға келген тікелей инвестицияның жалпы көлемі 20 миллиард доллардан асқан. Өз кезегінде, Қазақстанның Ресейге құйған инвестициясы 6 миллиард долларға жуықтаған.

Қазір екі елдің бизнес субъектілері жалпы сомасы 33,5 миллиард доллар болатын 143 бірлескен жобаны жүзеге асырып жатыр. Жалпы сомасы 3,2 миллиард доллар болатын 30 маңызды жоба сәтті іске қосылды. Қазіргі кезде машина жасау, металлургия мен химия өнеркәсібі секілді экономиканың маңызды салаларында 40 жоба жүзеге асырылып жатыр.

Олардың жалпы құны 16,6 миллиард долларды құрайды, әрі 15 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Одан бөлек Ресейде 60 мың қазақстандық студент оқып жатыр.

Кеше қазақстандық ҚазАқпарат агенттігінің басшысы Асқар Жалдиновтың «Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара қарым-қатынастың болашағы қандай?» деген сұрағына Путин «Шынымды айтсам, дау тудыратын және біздің қарым-қатынасымызды қандай да бір жолмен қиындататын бірде-бір мәселені көріп тұрған жоқпын» деді.

Біздің қазіргі сыртқы саясатта ұстанып отырған бейтарап саясатымыз өз жемісін беруде. Ал, Еуропа болса Ресей бізбен соғысуға дайындалып жатыр деп үрейленуде. Оған дәлел РФ телеарналарындағы "Польшаны, Нидерландыны Искандермен атқылайық" деген Ресей саясаткерлерінің мәлімдемелері.