Қазақстан мен Сербия сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге ниетті

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы primeminister.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Келіссөздер барысында тараптар Қазақстан мен Сербия қатынастарының тұрақты дамуын және саяси диалогтың жоғары деңгейін атап өтті. Серік Жұманғарин Сербияның Балқан өңіріндегі Қазақстанның жақын әрі сенімді серіктесі, сондай-ақ Оңтүстік-Шығыс Еуропадағы маңызды сауда-экономикалық әріптесі екенін атап өтті.

Қазақстан мен Сербия арасындағы сауда-экономикалық саладағы өзара іс-қимылдың оң әрі орнықты серпіні екіжақты қатынастардың нығаюын айқын көрсетеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда көлемі $107,7 млн құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 7,6%-ға өсті (2024 жылы – $100,1 млн). Іскерлік және гуманитарлық байланыстарды дамытудың қосымша факторы ретінде 2025 жылғы қарашадан бастап қазақстандық SCAT әуе компаниясы жүзеге асыратын Астана – Белград бағытындағы тікелей әуе қатынасының ашылуы аталды.

«Орта мерзімді перспективада біз Сербия Республикасына сауда-экономикалық миссия ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Бұл кәсіпкерлер арасында тікелей байланыстар орнатуға, сондай-ақ қазақстандық өнімдер мен инвестициялық әлеуетті Сербия нарығында ілгерілетуге қосымша серпін беруге мүмкіндік береді», — деді вице-премьер.

Кездесу барысында 2026–2027 жылдарға арналған, практикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге бағытталған бірлескен Жол картасын әзірлеу мүмкіндігі де талқыланды. Сондай-ақ инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелеріне, оның ішінде қазақстандық тараптың қатысуымен Белград қаласында көпфункционалды қонақ үй кешенін салу жобасына ерекше назар аударылды.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар әріптестікті одан әрі тереңдетуге өзара мүдделілігін растады және екі елдің мүдделеріне сай нақты бірлескен бастамаларды іске асыруға бағытталған жүйелі диалогты жалғастыруға дайын екендерін білдірді.