Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Zakon.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
2025 жылы 3 ақпанда Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Астанаға ресми сапармен келген Түрікменстан министрлер кабинеті төрағасының орынбасары – Сыртқы істер министрі Рашид Мередовпен келіссөздер өткізді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Кездесу барысында қазақ-түрікмен ынтымақтастығының кең ауқымды мәселелері, оның ішінде саяси, сауда-экономикалық, транзит-көліктік, энергетика және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимыл перспективалары талқыланды.
Тараптар достық, тату көршілік және өзара құрмет рухындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға бейілділігін ерекше атап өтті.
Қазақстан мен Түрікменстанның сыртқы саяси ведомстволарының басшылары 2024 жылғы қазанда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ашхабадқа жасаған ресми сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың іс жүзінде іске асырылу барысын жан-жақты қарастырды. Парламентаралық және үкіметаралық байланыстарды нығайту бағытында одан әрі жәрдемдесу бойынша келісті.
"Сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселесіне ерекше назар аударылды. Соңғы екі жылда Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы өзара сауда көлемі тұрақты түрде 500 млн доллардан асып келеді. Мемлекет басшылары белгілеген екіжақты тауар айналымын 1 млрд долларға дейін ұлғайту жөніндегі мақсатқа жету үшін келісілген шаралар қабылдауға уағдаласты", делінген министрлік хабарламасында.