Министр қазіргі таңда автомобиль өнеркәсібі – отандық машина жасау саласындағы стратегиялық бағыттардың бірі екенін, ол әлемнің дамыған мемлекеттер тәжірибесіне сәйкес кезең-кезеңімен дамып келетінін атап өтті.
Мәселен, Кореяда бұл саланы қалыптастыруға шамамен отыз жыл қажет болды. Елімізде 2010–2019 жылдары отандық автокөлік өндірісінің негізі қаланды. Осы кезеңде нарыққа әлемдік жетекші брендтер келіп, құрастыру өндірісі іске қосылды. Соның нәтижесінде автомобиль өндірісінің көлемі 3 мыңнан 50 мың бірлікке дейін өсті. 2020 жылдан бастап сала дамудың жаңа кезеңіне өтті. Дәнекерлеу, бояу процестерін қамтитын күрделі құрастыру өндірісі енгізіле бастады. Соның нәтижесінде өндіріс әлеуеті артып, жыл қорытындысы бойынша 171 400 автокөлік шығарылды.
«Өткен жылдан бастап автомобиль өнеркәсібінің дамуының жаңа кезеңі басталды. Ендігі негізгі міндет – дайын автокөлік шығарумен қатар, оның құрамдас бөліктерін өз елімізде өндіруді дамыту. Осы бағытта локализация деңгейін арттыру, автобөлшектердің отандық өндірісін жолға қою және қазақстандық жеткізушілердің өндірістік экожүйесін қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар жаңа нарықтарды игеру, инженерлік әлеуетті арттыру және нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруге басымдық берілетін болады.Зауыттар заманауи технологиялармен жабдықталып, автоматтандырылған. Бүгінде мұнда 135 өнеркәсіптік робот жұмыс істейді. Саланың өндірістік әлеуетін одан әрі арттыру мақсатында 2028 жылға дейін жеңіл және коммерциялық автокөлік өндірісін кеңейту бойынша жаңа жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда», — деп атап өтті министр.